Қозыбаев университетінде студенттік Ассамблея ашылды. Салтанатты жиынға ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов пен “Ассамблея жастары” республикалық жастар ұйымның төрағасы Тимур Жұмырбаев және ректор Ербол Исақаев қатысты.
МАРАТ ӘЗІЛХАНОВ, ҚХА төрағасының орынбасары:
— Соңғы рет облыстарыңызда 2005 жылы болды. Содан бері қала да, университет те адам танымастай өзгеріпті. Алдымда сіздер сияқты білімді, белсенді жастар отырғанына қуаныштымын. Достыққа шақыратын, елдегі бірлікті нығайтуға үлес қосатын, ұл-қыздарды біріктіретін студенттік Ассамблея құтты болсын!
Ашылу салтанаты еркін форматта өтті. Жастар өздерінің алға қойған жоспарларымен бөлісті. Дидар Аймұқан медиа-жобаны жүзеге асырғысы келеді. Егер бұл бастама қолданысқа енгізілсе, Ассамблеяның негізгі бағыттары мен құндылықтары интернет кеңістігінде жиі айтылып, кейінгі толқынның өзара пікір алмасуына мүмкіндік туады. Студент бұған дейін белсенділігімен көзге түскен.
ДИДАР АЙМҰҚАН, “Ассамблея жастары” РҚБ СҚФ төрағасының орынбасары:
— Ассамблея жастары” өз мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтті. Мен бұл ұйымға 2 жылдан бері мүшелік етемін. Осы аралықта біз бірнеше іс-шараны өткіздік. Оның ішінде жастармен тығыз қарым-қатынас орнататын мәдени және танымдық шаралар бар.
Қоғамдық істің басы-қасында жүрген жастар ескерусіз қалмайды. Кездесу соңында бірқатар жас Ассамблея атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Ақтолқын Солтанханқызы