Облысымызға жұмыс сапарымен ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов келді. Ол жақында ғана мерейтойы тойланған қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Шарада жергілікті қоғамдық институт өкілдері де бой көрсетті.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ҚХА ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
— Абай атамыз бен Пушкин – татулықтың, бірліктің символы. Ассамблея мүшелерімен гүл шоқтарын қойып отырмыз. Қазіргі елдің татулығы осы Ассамблея жұмысының арқасында.
Биыл ҚХА құрылғанына – 30 жыл. Сәуірде ел астанасында саяси ұйымның республикалық сессиясы өткен болатын. Ауқымды іс-шарада Мемлекет басшысы барша қазақстандықтың алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындап өтті, атқарылған жұмыс сараланды. Соның негізінде бүгін облыстық ұйымның ХХІХ сессиясы ұйымдастырылды. “Бірлік пен Келісім жолындағы 30 жыл” тақырыбы берілген жиынға өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Ассамблея құрылған күннен бастап мызғымас бірліктің, сарқылмас берекенің бастауы болып отыр. Құрметті сессияға қатысушылар, біздің борышымыз – халқымыздың бірлігін нығайту.
Жиын барысында ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов жергілікті этномәдени орталықтардың жұмысына алғысын білдірді.
МАРАТ ӘЗІЛХАНОВ, ҚХА төрағасының орынбасары:
— Ассамблея – ел бірлігінің символы, Конститутция – сол бірліктің заңмен бекіткен мызғымас кепілі. СҚО-да этностар өз дәстүрін сақтай отырып, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жатыр. Сол үшін сіздерге шынайы рақметімді айтқым келеді.
Алқалы жиын Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерді саралап, дамуымызға септесетін бастамалар ұсынылған алаңға айналды. Ұлтаралық достық пен дінаралық ауызбіршіліктің нығаюына Ассамблеяның қосқан үлесі зор. Ұйым өкілдері ел басына күн туған сәттерде де қарап қалған емес.
ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығы” ҚБ төрайымы:
— Қазіргі күні ҚХА-да сарапшы топ өз жұмысын жасауда, өлкеміздің ерекшелігін зерттеуде. Енді біздің міндет – бұл құндылықтарды жастарға жеткізу.
ХХІХ сессия салтанатты түрде аяқталды. Облыс әкімі және төрағаның орынбасары Марат Әзілханов еңбегімен көзге түскен бірқатар теріскейлікті Қазақстан халқы Ассамблеясының “Алғыс төсбелгісімен” және Құрмет грамотасымен марапаттады.
Ақтолқын Солтанханқызы