Қоғам

СҚО-да вейп сату фактісі бойынша 7 қылмыстық іс тіркелді

Қазақстанға вейптерді, олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынған. Тиісті заң өткен жылы қабылданды. Егер тұлға ережені елемесе, Қылмыстық кодекстің 301-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ағымдағы жылы өңірде мұндай бірнеше жайт орын алған.

МАКСИМ ДОРОВИК, СҚО прокурорының аға көмекшісі:

— Ағымдағы жылдың 7 айы ішінде облыс аумағында 7 қылмыстық іс тіркелді. Соның бірі Петропавл қаласының тұрғына қатысты қозғалды. Ол әлеуметтік желілердің бірінде вейпті сату туралы хабарландыру жариялаған. Бұлтартпас дәлелдер негізінде электронды тұтыну жүйелері тәркіленді және тиісті құжаттар сотқа жолданды. Сот тұлғаны кінәлі деп тапты. “Саудагерге” 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындады.

Заң қатаң. Егер тұлға шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін немесе вейптерді, оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сату және таратумен айналысса, мынандай жаза көзделген.

МАКСИМ ДОРОВИК, СҚО прокурорының аға көмекшісі:

— Егер заң бұзылса, тұлға 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл арқалайды немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады. Жазаның басқа да нұсқасы бар. Құрықталған адам 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылу немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынуы мүмкін. Ал егер қылмыстық топ құрылса, аса ірі мөлшерде кіріс кірсе немесе бұзушылық бірнеше рет тіркелсе, тұлға 5 жылға бас бостандығынан айырылуы ықтимал.

Баспасөз конференциясы барысында қауіпсіздік күзетіндегі технологиялар жайлы да айтылды. Қазір дрондар фото немесе видео түсірілім мақсатында ғана емес, бұзушылықтардың алдын алу және анықтау мақсатында да әуеге көтеріледі. Мұндай шешім «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қабылданған.

МАКСИМ ДОРОВИК, СҚО прокурорының аға көмекшісі:

— Бүгінде облыста пилотсыз аппараттар облыс және аудан орталықтарының көшелерін әуеден күзетіп, түрлі құқық бұзушылықтарды тіркейді. Тек 3 айдың ішінде қалалық және аудандық прокурорлар 76 ұшырылым жасап, 79 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Әрбір факт бойынша жедел шаралар қабылданды. Қазіргі заманғы дрондар жоғары дәлдіктегі камерамен, бетті тану және автоматты бақылау жүйесімен жабдықталған.

Осының арқасында заман игілігі жету қиын аймақтарды қамтиды. Мысалы, өнеркәсіптік нысандарды, саябақтарды, шекара маңындағы аймақтарды жедел патрульдей алады.

 

Байболат Құлтанов