Солтүстік Қазақстан облысында “EL UMITI” корпоративтік қорының күндері басталды. 3 күндік шаралар білім беру, медицина және әлеуметтік салаларды қамтиды. Астанадан келген мамандар Петропавлда алдымен өңір мектептерінің директорларымен кездесті. Жүздесуде ауыл мұғалімдері мен оқушыларын қолдауға арналған тың жобалар таныстырылды.
ГҮЛІМ ЖҮСІПОВА, “EL UMITI” корпоративтік қорының басқарушы директоры, Астана қаласы:
— Бізде танымал жобалар көп. Соның ішінде “Мың бала” жобасын айта кетуге болады. Бастама дарынды ауыл балаларын анықтауға көмектеседі. Оқушыларды еліміздегі беделді мектептерге орналастырамыз.
Қор қазіргі таңда 9 жобаны жүзеге асырып жатыр. Соның бірі – “Birge Oqy”. Бастаманың мақсаты – қала мен ауыл балаларының білім және ақпараттық теңсіздігін жою. Мәселен, шаһарда оқушылар мектептен кейін түрлі қосымша сабақтарға бара алады. Жан-жақты дамуға мүмкіндік көп. Ал елді мекенде тұратын өрендер мектеппен ғана шектеледі. Осы мәселеге орай тың бастама қолға алынған. Білікті мамандар балаларды қашықтықтан оқытады, оқу деңгейін арттырады.
Шара барысында “Мың бала” жобасының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Корпоративтік қор өкілдері дарынды балаларға бағалы сыйлықтар табыстады. Оның ішінде ноутбук пен іші керекті заттарға толы сөмке бар.
ҰЛАН БҰЛТБЕК, №2 Чкалов орта мектебінің 7-сынып оқушысы, Тайынша ауданы:
— Олимпиадаға 4 пән бойынша қатыстым. Мен үшін ең қиыны логикалық сұрақтар болды. Жеңіске жету үшін ұзақ дайындалдым.
Ұйым педагогтерді де ұмыт қалдырмаған. Мұғалімдердің білімі қашықтықтан тексерілетін, біліктік артатын “Smart Ustaz” жобасын іске қосты. Оған қатысқан мамандарға арнайы сертификаттар ұсынылады. Бастаманың арқасында уақыт үнемделеді, ұстаздар орталықтарға қатынамайды. Кездесуге шақыртылған мектеп директорлары айтылғандарды ұйып тыңдады, олар қажетті ақпаратты алдағы оқу жылында пайдаға асырмақ.
БАЙНАЗАР МАЛҒАЖДАРОВ, Мәркен Ахметбеков атындағы орта мектептің директоры, Шал ақын ауданы:
— “EL UMITI” корпоративтік қорының жобалары мектебімізде жүзеге асуда. Оқушыларымыз олимпиадаларға жиі қатысады. Білікті мамандардан алған білімімді мектебімде қолданатын боламын.
Астанадан келген мамандар алдағы күндері мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталықтары мен инклюзивті білім беру мекемелерін аралайды.
Нұрасыл Ахмет