Жаңа оқу жылы, жаңа бастама. М. Қозыбаев университетінің 29 студенті сонау АҚШ-қа оқуға аттанды. Аризона университетімен бірлесе қолға алынған қос дипломды бағдарлама аясында оқитын 4-ші курстың қыз-жігіттері жарты жылдай Тусон қаласында білім алады. Шетелдік білікті мамандардан, профессорлардан дәріс тыңдайды, тапсырмаларды орындайды.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректоры:
— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2022 жылы Петропавлда Аризона университетінің филиалы ашылды. Осыдан 4 жыл бұрын осындай дәрежеге жетеміз деп кім ойлаған? Бүгін тарихи оқиға орын алады. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған студенттерімізді ең беделді шетелдік білім ордасына жібергелі отырмыз. Жастар үмітімізді ақтайды деген ойдамын.
Жастарды алыс сапарға шығарып салуға ата-аналары да келді. Барлығы балаларының шетелде оқуға мүмкіндік алғандарына өте қуанышты, жүздерінен мақтаныш сезімі байқалады. Аға буын өкілдері жүрек жарды тілектерін білдірді. Мамлюттік Бекарыс Балағанов “Ақпараттық жүйелерді басқару” мамандығына оқиды. Келешекте әскери салада еңбек еткісі келеді.
БЕКАРЫС БАЛАҒАНОВ, М. Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
— Бұл бағдарлама арқылы тек академиялық білім алып жатқан жоқпын, өзімнің жеке дағдыларымды да айтарлықтай дамыттым. Ол жақта әлемнің үздік студенттерінің жанында өмір сүріп, олардың өмірлері жайлы білетін боламыз.
Жастар үлкен өмірге қадам басады. Арман қуып, білім алады, басқа елдің тіршілігімен танысады. Болашақ “Ақпараттық жүйелерді басқару” және “Биотехнолог” мамандарын ата-аналары, ұстаздары қошеметпен шығарып салды.
Қазір Аризона университетінің жергілікті филиалында мыңға жуық студент оқиды. Талапкерлер 5 мамандықты таңдай алады. Алдағы уақытта тізім 10 мамандыққа дейін кеңеймек. Осы жылы 150 жас бірінші курсқа қабылданған.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректоры:
— Биыл Түркиядан 100-ден астам студент оқуға келмек. Олар «Foundation» факультетіне түседі. Сол жерде ағылшын тілін толықтай үйреніп, кейін қалаған мамандықтарын таңдайды. Жалпы, ағымдағы жылы мыңға жуық студент біздің білім ордамызда тегін оқуға мүмкіндік алды.
Қоса кетейік, Қозыбаев университетіне түскен студенттердің барлығы жатақханамен қамтылады.
Мәдина Қаби