Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Мұндай бастама азаматтардың жеке бас бостандығын қорғау жөніндегі шараларды күшейту мақсатында және «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қолдау тапты. Бұл жайлы Бас прокуратура хабарлады. Сталкинг – адамның жүйелі түрде қудалауға ұшырауы. Ол әртүрлі әрекеттер арқылы көрініс табуы мүмкін: қоңыраулар, аңду, қорқыту немесе интернеттегі шамадан тыс назар аудару. Жаңашылдықты енгізудің мақсаты – құрбандарды ерте кезеңде қорғау және зорлық-зомбылық пен агрессивті мінез-құлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптастыру.
— Отандық заңнамада мұндай әрекеттер үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік алғаш рет көзделген. Егер сталкинг зорлық-зомбылық, қорқыту, бопсалау, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзумен қатар жүрсе, іс-әрекеттер ҚК-нің басқа баптары бойынша қосымша сараланатын болады, – делінген Бас прокуратура хабарламасында.