«AMANAT» партиясының облыстық филиалында «Өзін қаржылық алаяқтықтан қалай қорғау керек» тақырыбында семинар өтті. Басқосуда интернет-алаяқтық және киберқұралдар, қаржы пирамидаларының қауіптілігі туралы айтылды. Полицейлер арнайы шақырылды. Олар осы жылдың басынан бері қашықтықтан алдап-арбаудың 425 фактісі тіркелгендігін баян етті. Бұл көрсеткіш өткен жылдан қарағанда 6,2% төмен.
МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:
— Жақында ғана зейнеткерге белгісіз тұлға хабарласып, өзін мемлекеттік қызметкермін деп таныстырған. Айлакерлерді ұстау үшін тез арада ақша жіберу қажеттігін айтып, екі аяғын бір етікке тыққан. Аңқау нәзікжанды көмектесемін деп үйін сатқан, сұратқанды салып жіберген. Осы сынды тәсілдермен алданып жатқан үлкендер көп. Бұл аңғалдықтың, білместіктің кесірінен орын алады. Зейнеткерлер полицейлер ұйымдастырған іс-шараларға қатысып, хабарламаларымызды дұрыс тыңдаса дейміз.
Сала өкілдерінің сөзінше, алаяқтарға көбіне әйел адамдар мен зейнеткерлер алданып қалады екен. Олар көп жағдайда “Интернеттен ақша ұтып аласың” деген сілтемелерге сенеді, қаржылық пирамидаға кіріп кетеді екен.
МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкіл:
— Алаяқтар көп жағдайда хабарласып, сендіреді, тез арада ақша жіберу қажеттігін айтады. Өздерін банк не мемлекеттік қызметкермін деп таныстырыды. Алайда, банк немесе полиция қызметкерлері сізден ешқашан SMS-код, CVV-код сұратпайды, қандай да бір қосымша жүктеуді сұрамайды.
Шара барысында қаржылық сауаттылық жайлы кеңінен айтылды. Адамдар алаяқтардың арам пиғылынан сақтану мақсатында “Қарызсыз қоғам” жобасы арқылы тегін курстан өтіп, білімдерін арттыра алады. Басқосу соңында жиналғандарға интернет-алаяқтыққа қатысты жаднама қағаздар ұсынылды.
Мәдина Қаби