Шақшадай басы шарадай болған петропавлдық Валентина Коломиец прокурорлардың қабылдауына келді. Ол осыдан 2 жыл бұрын өзінің танысына қомақты ақша берген. Алайда, берешек қайтарылмапты. Содан бері нәзікжанды әділдікке жете алмай жүр. Ендігі үміті – құқық қорғау органдарының өкілдері. Азаматша прокурорлардың көмегімен қаражаттың қайтарылатына сенеді.
ВАЛЕНТИНА КОЛОМИЕЦ, қала тұрғыны:
— Осы жерге кеңес алу үшін келіп отырмын. Не істерімді білмеймін. Мені өзімнің танысым алдап кетті. Прокурорлармен тілдестім. Мамандар арыз жазу керектігін айтты. Бүгін жазып, тапсырамын. Әділдік орнайды деген ойдамын.
Ал Береке ықшам ауданынан келген 3 тұрғынның үйіне су кірген. Жер үйлерге демалыс күндері жауған нөсер жаңбыр кіріпті. Салдарынан дүние-мүлік бүлінген.
ГАЛИНА МЕЗЕНБЕКОВА, қала тұрғыны:
— Бізді алаңдатқан мәселе – үйімізге судың кіруі. Бұған дейін де осыған ұқсас жағдай болды. 2023 жылы қар дұрыс тазаланбай, көктемде қарғын су баспанаға кірді. Ал осы жылы жаңбыр әлекке салды. Енді бізге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Қаруар ақша керек. Біз Петропавл қаласы әкімдігінен арық қазуды сұраймыз.
Түрлі мәселе алаңдатқан солтүстікқазақстандықтарды қабылдау кеше басталды. Ата заңымыздың 30 жылдығына арналған науқан 29-шы тамызға дейін жалғасады. Прокурорлар кез-келген азаматты толғандырған проблемасы бойынша қабылдап, құқықтық кеңес береді.
АЛМАС АСАИНОВ, СҚО прокуратурасының аға прокуроры:
— Прокуратураға келген адамдардың көбі пробация бойынша мәселемен жүгінеді. Олардың барлығына көмек көрсетуге тырысамыз.
Қоғамдық қабылдау облыстық әкімдік қабырғасында өтіп жатыр. Ол Петропавл қаласында ғана емес, аймақтың аудан орталықтарында да ұйымдастырылған. Мамандар түскі 15:00-ден кешкі 17:00-ге дейін азаматтарға кеңес беруге дайын.
Мәдина Қаби