Петропавлда жазғы жастар лагері басталды. «Көшпенділер» атауы берілген бастама қыз-жігіттерді отансүйгіштікке баулуға, еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған. Шара 3 күнге созылады. Бүгін ұйымдастырушылар қатысушыларға еліміздегі «Жастар саясаты» жайлы түсіндірді. Айтылған ақыл-кеңес арқылы тыңдаушы тарап мемлекеттік қызмет жайлы түсінік қалыптастырады.
РҮСТЕМ АРМАНОВ, “Ауыл” партиясының лидері:
— Бірнеше тренинг өткізіледі. Әуелі қоғамдық ұйымды қалай ашуға болатыны жайлы баяндама оқылады. Сонымен қатар, мемлекет саясаты талқыланады. Лагердің басты мақсаты – жастарды қоғамға жұмыс істеуге баулу.
Лагерь осымен 5-ші жыл қатарынан өтіп жатыр. Шараға өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиналған белсенді 60 жас қатысуда. Мұнда тек баяндама оқылмады. Жастарға саясатқа қатысты бірқатар тапсырма берілді. Үздік атанғандарға сертификат табыс етіледі.
АЖАР СЫЗДЫҚОВА, “Көшпенділер” жастар лагерінің қатысушысы:
— Мен осы жерге волонтер ретінде қатысудамын. Жұма күні іріктеу семинары өткен болатын. Соның нәтижесінде бүгін осында келдім. Өзім осындай қоғамдық шараларға үнемі қатысып тұрамын. Мұнда жаңа таныс тауып, мол ақпарат аламын.
Танымдық бағдарлама ауқымды. Жастарды неше түрлі қызықтар күтіп тұр. Ертең олар табиғат аясында білікті мамандармен кездесіп, мобилография, әлеуметтік желі бойынша дәріс тыңдайды.
Ақтолқын Солтанханқызы