Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Жиында қос мәселе қаралды. Біріншісі – өңірдегі білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығы. Ұл-қыздар жарық әрі жылы нысандарда тәлім алуы қажет. Сол үшін биыл да бірнеше мекеме күрделі жөндеу көрді. Маңызды іске қазынадан қыруар қаржы жұмсалды.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
— Бүгінгі таңда 9 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған нысандардағы жұмыс 80-85 пайызға аяқталып қалды. 3 мыңнан астам бала үшін 279 елді мекеннен тасымалдау ұйымдастырылады. Оқушыларды тасылмалдайтын 150 көлік бар.
Балалардың игілігіне жасалған жұмыс сапалы атқарылуы тиіс. Облыс әкімі Айнагүл Ағыбайқызына әрбір нысандағағы істі қадағалап отыруды тапсырды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Кейбір аудан мектептерінде әлі күнге дейін жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын білемін. Жаңа оқу жылы басталатын күн жақындап келеді. Яғни, маңызды міндетті көпке созбай орындау қажет. Балалардың барлығы уақытында мектепке баруы керек. Сонымен қатар, дәретханалар мекеме ішінде болуы міндетті. Ұл-қыздардың денсаулығы бірінші орында тұруы тиіс.
Облыстық әкімдік отырысындағы кезекті мәселе – орақ науқанының басталуы. Көп ұзамай аққайыңдар өлкесінің алқаптарында техника жүйткиді. Басты міндет – көл-көсір астықты шашау шығармай жинау. Мінберге шыққан ауыл шарушылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Токужиновтың сөзінше, 4,3 млн гектардағы өнімді суға тигізбей қамбаға құю қажет. Ол үшін тегеурінді комбайн-тракторлар сақадай сай.
ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
— Ағымдағы жылы орақ науқанына 7 мың комбайн қатысады. Соның 4 мыңы жоғары өнімді саналады. Сонымен қатар, 12,3 мың трактор, 9 мың тіркеме, 4,5 мың дестелегіш және 5,6 мың жүк көлігі жұмылдырылады. Барлығы дайын. Жыл басынан бері 31,9 млрд теңгеге 1 214 бірлік техника сатып алынды. Күзгі дала жұмыстарына 58,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. 1 литрі 254 теңге тұрады, ал нарықтағы баға – 315 теңге.
Дизель отыны бойынша тапшылық туындамауы тиіс. Қазір билік қосымша жеңілдетілген 10 мың тонна жанар-жағармай бөлу мәселесін қарастыруда. Соңғы бақылау қорытындысына сүйенсек, дәнді және майлы дақылдардың 90 пайызы пісіп қалды. Алайда, аудардағы ылғал көлемі әртүрлі. Алдағы күндері тағы жаңбыр жаууы мүмкін. Демек, элеваторлар кептіргіш құралдарды дайындау беруі қажет.
ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
— Облыста жаңа өнімді қабылдау үшін 45 элеватор бар. Жалпы сыйымдылық 3,2 млн тоннаны құрайды. Тағы астық агроқұрылымдардың қоймаларында сақталады. 342 кептіргіш құрылғы дайындалды. Олар сағатына 34 тонна өнім кептіруге қауһарлы. Егер ауа райы мүмкіндік берсе, Солтүстік Қазақстан облысында орақ науқаны 30-35 күнде аяқталады.
Орақ науқанында әр күнді, әр сағатты ұтымды пайдалану керек. Ғауез Нұрмұхамбетов аса маңызды кезеңде басқарма басшысына күн-түн демей еңбек етуді тапсырды. Отырыс барысында мал азығы жайлы да сөз болды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Өткен жылы бір жарым жылдық мал азығы дайындалған еді. Шығымдылық биыл да тамаша. Ауа райы іске кедергі болып тұрғаны белгілі. Дегенмен, қажетті көлемді жинап алу керек. Биыл бұл бағытта мәселе туындауы тиіс емес.
Жиын соңында ауыл шаруашылығы санағы жайлы айтылды. Бұл – Мемлекет басшысының бақылауындағы мәселе. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға маңызды науқанды уақытында аяқтауды, жоспарды орындауды жүктеді.
Мәдина Қаби