Петропавлдық “Құлагер” хоккей клубы жаңа маусымға тыңғылықты дайындалып жатыр. Былтырғы сәтсіздік ел есінде. Жерлестеріміз жанкүйерлерді жерге қаратты. Теріскейлік командада дәстүрлі чемпионат алдында біраз өзгеріс орын алды. Құрам 60 пайызға жаңарды. Жігіттердің арасында легионерлер де бар.
Жергілікті хоккейшілер оқу-жаттығу жиынын шілденің 1-і күні бастапты. Құрама алдымен тренажерлық залда жаттыққан. Онда спортшылар физикалық дайындықтарын пысықтады. Ал бүгін мұз айдынына шығып отыр. Олар тактикалық шеберліктерін шыңдауда. “Құлагер” жаңа маусымға жаңа жаттықтырушымен қадам басатынын да білген жөн. Клубты хоккейсүйер қауымға жақсы таныс Андрей Спиридонов тізгіндеді. Маман бұған дейін қазақстандық бірнеше ұжымды баптаған.
АНДРЕЙ СПИРИДОНОВ, “Құлагер” ХК бас жаттықтырушысы:
— Чемпионат пен Кубоктағы әр матчта жеңіске жетуді мақсат етіп отырмыз. Ойыншылар жаңа маусымға сақадай сай. Аптаның 6 күнінде жаттығу жасаймыз. Тек жексенбі демаламыз. Қазір шәкірттеріме аса күш салмайтын дайындық жұмыстары жүргізілуде. Себебі, 1 аптадан кейін ел Кубогы аясындағы ойындар басталады. Спортшылар жарақат алып қалуы мүмкін.
Биыл теріскейлік клубтың намысын 27 хоккейші қорғайды. Бас жаттықтырушы әр 15 минут сайын ойыншыларды жинап, қателіктерді саралауда. Қақпашымен де жеке маман жұмыс істеп жатыр. Жаттығу аяқталған соң имек таяқ шеберлерімен тілдестік. Барлығы былтырғы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл бар күштерін салатындарын айтты.
БАТЫР МАРҚАБАЕВ, “Құлагер” ХК шабуылшысы:
— Хоккеймен айналысып жүргеніме 16 жыл болды. “Құлагер” сапында 2 жылдан бері ойнаймын. Жаңа бапкер – жаңа тактика. Бірақ, тез үйреніп кеттік.
“Құлагердің” жаңа маусымда жанкүйерлерге қуаныш сыйлайтынына сенім мол. Теріскейлік ұжым оқу-жаттығу жиыны аясында 1 матч өткізген. Көкшетауға қонаққа барып, жергілікті “Арлан” хоккей клубынан 5 те 3 есебімен басым түсіпті.
“Құлагерліктер” тамыздың 22-сі күні Қазақстан Кубогындағы жорығын бастайды. Дүбірлі дода Өскемен қаласында өтеді. Ал чемпионат болса қыркүйектің 7-сі күні бастау алады.
Нұрасыл Ахмет