Қоғам

Кинологтар сынға түсті

Петропавлда білікті кинологтардың бәсекесі басталды. Ел біріншілігіне Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының “Орталық” өңірлік қолбасшылығына қарасты 7 әскери бөлімнің мамандары қатысып жатыр. Барлығы мақтауға лайық.

Ортаға Райымбек Көпжан және оның сенімді серігі “Гром” шықты. Петропавлдағы 6637 әскери бөлімінде қызмет атқаратын азамат үй жануарын 2 жарым жыл бұрын үйретіпті. Содан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Ақылды азулы иесінің әр бұйрығын бұлжытпай орындап жатыр. Айта кетейік, “Гром” осы сынды сайысқа 3-ші рет қатысуда.

РАЙЫМБЕК КӨПЖАН, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің кинологы:

Бүгінгі жарысқа 2 ай дайындалдық. Бұл – менің үшінші жарысым. Алғашқы сайыста орын ала алмадық, былтыр екінші орын иелендім.

“Орталық” өңірлік қолбасшылықтың біріншілігі жайлы толығырақ айтайық. 7 командада 3 кинолог және 3 иттен болды. Яғни, чемпионатта 21 адам бақ сынады. Бүгін үй жануарлары бұйрық орындайды және із кеседі. Сонымен қатар, мамандар біліктілік сынағынан өтеді. Ал ертең нағыз қызық басталады.

ДОСБОЛ СЫЗДЫҚОВ, ҚР ҰҰ 6505 әскери бөлімі кинология қызметінің бастығы, төреші:

Мина, нарко және патрульдік іздестіру бойынша сайыс өтеді. Ал үшінші күні атыс алаңына барамыз. Ол жерде мамандардың мергендігін тексереміз. Физикалық төзімділігін сынаймыз. Кейін қызметтік иттерді пайдаланып, қашқынды ұстау әрекеттерін өткіземіз.

Әр кезеңді төрешілер жіті қадағалап отырады. Ұпай беріледі. Жарыстың нәтижесі сенбі күні шығады. Жүлделі орын иегерлері мақтау қағазы және кубоктармен марапаллады. Ал үздіктерге кинология саласына қажетті құрал-жабдықтар сыйға беріледі.

 

Ақтолқын Солтанханқызы