Спорт

“VM GYM” фитнес залында пауэрлифтингтен ашық қала чемпионаты өтті

Демалыс күндері Петропавлда пауэрлифтингтен ашық қала чемпионаты өтті. Күш пен ерік-жігер сыналатын сайысқа 50-ден астам адам қатысты. Олардың кейбірі аудандардың намысын қорғады.

ВИКТОР ВЕРХОЗИН, пауэрлифтингтен СҚО аға жаттықтырушысы:

— Пауэрлифтинг – облыста жаңа-жаңа қарқын алып келе жатқан спорт түрі. Айналысатындардың саны көп емес. Соған қарамастан республикалық жарыстардан жүлдесіз қайтпаймыз. Өңірден шыққан әлем және Азия чемпиондары бар. Аталған спорт түрін дамыту үшін жылына кемінде 5 рет түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіп тұрамыз.

Тартысты жарысқа кәмелетке толмаған жастар да, 40-тан асқан азаматтар да қатысты. Олар жас ерекшеліктері бойынша бақ сынады. Зілтемірді жатып көтеруден сайыс өтіп жатыр. Тұғырдың ең биік сатысынан көрінгісі келетіндердің бірі – Владимир Кузнецов. Тепсе темір үзер әрі білімді жігіт осы күнге дейін талай байрақты бәсекеден жүлделі оралған.

ВЛАДИМИР КУЗНЕЦОВ, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

— Пауэрлифтингпен айналысып жүргеніме 4 жыл болды. Басында осы спорт түрімен салмақ тастау үшін ғана айналыстым. 4 жылдың ішінде 40 келі салмақ тастадым.

Чемпионат “VM GYM” фитнес залында өтіп жатыр. Дене шынықтыру орталығы осыдан 1 ай бұрын ашылыпты. Іші кең. Спортқа құмар жандар үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті, жуыну бөлмелері де бар.

АЛЕКСЕЙ ДЕОБОЛЬД, “VM GYM” компаниясының өкілі:

— Денсаулықты нығайтып, дене бітімін жақсартқысы келетін адамдар үшін мұнда қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Мамандар әрбір келушіге жеке жаттығу жоспарын құрады. Бағдарлама адамға айтарлықтай күш салмайды. Ол бұлшықетті шынықтыруға, ерік-жігерді қалыптастыруға бағытталған.

Сымбатты болғыңыз келсе, “VM GYM” клубына барыңыз! Йога, фитнес-паур, фито терапия. Одан қалды, ақылды жаттығу құралдары мен спа шаралары қарастырылған. Бір сөзбен айтсақ, заманауи дүниелермен жабдықталған орталықтың салауатты өмір салтын ұстанған жанға ұсынары көп. Әрі мұнда білікті мамандардан кеңес алуға болады.

АЛЕКСЕЙ ДЕОБОЛЬД, “VM GYM” компаниясының өкілі:

— Петропавлдағы алғашқы фитнес залымыз осыдан 1 жарым жыл бұрын ашылды. Қазіргі таңда төртеуі бар. 30 күндік абонемент құны 9 мың теңге тұрады. Ал егер тұрғындар нақты мақсат қойып, салмақ тастау үшін келсе, тек бір жаттықтырушымен жұмыс істейді. Қызмет құны 30 мыңнан басталады. Залда және үйде мамандар айтқан талапты орындасаңыз, 1 айдың ішінде нәтиже байқалады.

Фитнес залы таңғы 7-ден кешкі 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Пауэрлифтингтен ашық қала чемпионаты соңында үздіктер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Нұрасыл Ахмет