Өңірде 13 мыңға жуық ит пен мысық «TANBA» ақпараттық сервисі арқылы есепке қойылды. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаннан бастап қаңғыбас иттермен жұмыс аулау-стерилдеу-вакциналау-босатып жіберу қағидаты бойынша жүргізіледі, деп хабарлайды inform.kz. Ветеринария басқармасының мәліметінше, үй жануарлары ауланып, стерилденіп, вакцина егіліп, босатып жіберілгеннен кейін агрессиясы азаяды, көбеймейді және аумағын басқа қаңғыбас иттерден қорғайды. Бүгінге дейін облыс орталығында 800-ден астам қаңғыбас азулы стерилденді және вакцина егілді. Назар аударатын тағы бір жайт, иттердің бір бөлігі – бұрын үйде ұсталған жануарлар. Оларды көбінесе қуып жібереді. Сондықтан халық арасында үй жануарларына чип салу, тіркеу, ұстау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Тастанды жануарлар үшін иелері жауап береді. Жалпы, аймақта жануарларды есепке алу жөніндегі «ТАNBA» ақпараттық сервисіне 7 735 ит пен 5 256 мысық есепке қойылды.