Петропавлдағы Оқушылар сарайында “Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман” атты ұстаздардың облыстық Тамыз конференциясы ұйымдастырылды. Шара тақырыбы – “943 жоба: Мақсатты мектеп – құндылықтар мен мұғалімнің кәсібилігі арқылы тұлғаны дамыту кеңістігі”. Яғни, нысаналы мектептерге басымдық берілді. Бүгінгі таңда аймақта мұндай 94 оқу ұясы бар, оның 4-еуі қалада орналасқан.
РОЗА СӘРКЕН, СҚО білім басқармасы әдістемелік орталығының директоры:
— Нысаналы мектептердің қатарына аттестациядан өте алмаған, білім беру сапасы мен мұғалімдерінің біліктілігі төмен және маман жетіспейтін мектептер енеді. Біз арнайы талдау жүргіземіз. Сол кезде өзекті мәселелер анықталады. Сосын арнайы жоспар бойынша жұмысты бастаймыз. Қуанышқа орай, жүргізіліп жатқан істің арқасында облысымызда нысаналы мектептердің саны азаюда.
Мәселені шешу үшін алдымен әкімшілік пен мұғалімдердің біліктілігіне басымдық беріледі. Бұл мектептегі білім сапасына әсер етеді. Жақында Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен Тамыз конференциясы өткені мәлім. Алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың бәрі бірдей, сондықтан олардың білімі де бір деңгейде болу қажеттігін алға тартты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Тағы бір маңызды міндет – қала және ауыл мектебіндегі білім беру деңгейін теңестіру. Соңғы төрт жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңғыртылды. Оның басым көпшілігі – ауыл мектептері. Ауылдағы білім ошақтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңадан кітапханалар, асханалар мен спорт залдары салынып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы.
Маңызды мәселе көтерілген жиынға мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары қатысты. Проблеманы зерттеп, ой қалыптастырған баяндамашылар білген-түйгендерін әріптестеріне жеткізеді. Жұмабек Тәшенов атындағы №20-шы орта мектеп жақында ғана нысаналы мектептердің қатарынан шыққан. “Біраз жұмыс атқарылды”, – дейді басшысы Жібек Жамұлдинова.
ЖІБЕК ЖАМҰЛДИНОВА, Жұмабек Тәшенов атындағы №20 орта мектептің директоры:
— Нысаналы мектептің қатарынан шығу үшін мектепте әртүрлі жобалар енгізілді. Мысалы, менің сабағымның тиімділігі әдіснамасы, түрлі шаралар енгізілді.
Жұмабек Тәшенов атындағы №20 орта мектеппен бірге Қызылжар ауданындағы Соколов орта мектебі де нысаналы мектептердің қатарынан шықты. Тамыз конференциясы барысында қызылжарлық мамандар да сөз алып, озық білім ұяларының қатарына кіру үшін қандай қадамдар жасалғанын баяндады.
Мәдина Қаби