“S’avancer” хореографиялық би мектебінің және балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің биші-гимнастары халықаралық байқауға қатысып, 79 медаль еншіледі. Малайзиядағы конкурста 25 елдің үздіктері бақ сынады. Жеңімпаздар арасында Валерия Кошелева да бар. Талантты теріскейлік бұл сапардан ерекше әсер алған.
ВАЛЕРИЯ КОШЕЛЕВА, “S’avancer” хореографиялық би мектебінің бишісі:
— Мен 6 жылдан астам бимен айналысамын. Әріптесім бар, сол жігітпен жұптасып билейміз. Ал халықаралық байқауда тек өзім биледім. Бұған дейін ешқашан шекара сыртында жалғыз өнер көрсетпеген едім. Шах-Алам және Джохор-Бару атты Малайзияның 2 қаласында болдым. Сайысқа әлемнің әр бұрышынан мықтылар жиылды. Өте қиын болды.
Халықаралық байқауға түрлі жастағы балалар қатысты. Максим Ильяшенконың айы оңынан туды. Ол өзінің жұптасы екеуі 18 медаль еншіледі. Мұндай қомақты жүлде тынымыз төккен тердің арқасында келді.
МАКСИМ ИЛЬЯШЕНКО, “S’avancer” хореографиялық би мектебінің бишісі:
— Біз Малайзиядағы турнирге 2 ай бойы дайындалдық. Климаттық жағдайларға байланысты қиындықтар туындады, ол жақта өте ыстық. Бастапқыда өзімізді жайсыз сезіндік. Адамдармен тілдесу – тағы бір мәселе. Түсіністік орнату оңайға соқпады. Дегенмен, біз мықтылардың қатарынан көріндік. Өте қуаныштымыз.
Хореографиялық би мектебінің құрылғанына 10 жылдан асты. Өнер ұжымының бишілері жыл сайын түрлі байқауларға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр.
ЮЛИЯ ШИРИНА, “S’avancer” хореографиялық би мектебінің жетекшісі, БЖСМ гимнастикадан жаттықтырушысы:
— Біздің балалар – Қазақстан және Азия чемпиондары. Олар Австрияда, Польшада, Латвияда, Литвада өткен ірі байқауларға қатысты, Таиландта, Малайзияда бірнеше рет өнер көрсеттік. Гонконгта Азия чемпионатының күміс жүлдесін иелендік. Бірлігіміз жарасқан. Клубтағы ересек ұл-қыздар төмен жастағы балалармен жұмыс істейді, ақыл айтады. Біз болашақ жұлдыздарды 3 жастан бастап қабылдаймыз.
Өңіріміздің атын шығарған ұжымға 150-ден астам бала мүшелік етеді. Алдағы уақытта кезекті маусым басталады. Бүгінде өнерпаздар жеңіс жолындағы жаңа жоспарды құрып жатыр.
Байболат Құлтанов