Елімізде ауыл шаруашылығы санағы жалғасуда. Өңірдегі науқанмен танысу үшін аймаққа жұмыс сапармен ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев келді. Ұсынылған ақпарға сүйенсек, облыс аумағында 87 мыңнан астам тауар өндіруші бар. Оның 6 400-і кәсіпорын болса, қалғаны – үй шаруашылықтары.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің міндетін атқарушы:
— Санақтың өңірімізге берер пайдасы зор. Былтыр ауыл шаруашылығы саласында 936,3 млрд теңгенің тауары өндірілді. Биылғы көрсеткіш те көңіл қуантады. Соңғы 7 айдың өзінде жалпы ішкі өнімнің құны 135,4 млрд теңгені құрады. Егер біз нақты есептеулерді алсақ, қажетті бағыттарға айрықша көңіл аударатын боламыз.
Ауыл шаруашылығы санағы Новоникольское ауылында қызу жүріп жатыр. “Зенченко и К” командиттік серіктестігі бірнеше кешен Зеңгі баба төлін ұстайды. Қазір мамандар сол тұяқтыларды онлайн санақтан өткізуде.
ИВАН ЗЕНЧЕНКО, “Иван Зенченко” ЖШС директоры:
— Біздің серіктестік бүгінгі күні 50 мың га алқапқа иелік етеді. 16 мың қара мал бар. Сүт өндірісі бойынша елімізде көш бастап тұрмыз. Қазір заманауи 7 ферма жұмыс істейді. Алдағы уақытта 8-ші нысан ашылады. Сонда бүгінгі көлем әлдеқайда ұлғаяды. Санақтың өзіндік пайдасы бар. Жинақталған мәліметтер негізінде билік алға жылжуға мүмкіндік беретін маңызды шешімдер қабылдайды.
Өңіріміздегі санақтың қарқынына ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статитстика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев оң бағасын берді.
МАҚСАТ ТҰРЛЫБАЕВ, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы:
— СҚО қарқыны өте керемет. Бүгінгі таңда ірі ұйымдардың 82 пайызы онлайн санақтан өтті. Бұл – еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Онлайн санақтың 1-ші кезеңінің аяқталуына 2 аптадай калды. Енді қыркүйек айының 20-шы жұлдызынан қазанның 20-ына дейін екінші кезең өтетін болады. Бұл аралықта мамандар үй-үйді аралап, қажетті сандарды базаға енгізеді.
Ақтолқын Солтанханқызы