Сулышоқ ауылының 115 жылдығына орай елді мекенде күмбезі көк тірегін мешіт ашылды. Алланың жердегі үйінің ашылу салтанатына жүздеген адам қатысты. Имандылық ордасына қадам басқан қауым ең алдымен Құран оқыды. Ашылу салтанатына орай түрлі ұйым өкілдері мен көңілі кең отбасылар мешітке имандылыққа баулитын кітаптар мен тұрмыстық заттар сыйлады. Алғаш аталған тарту азаматтардың діни сауатын ашуға зор септігін тигізетіні сөзсіз. Үлкендер ізгі тілектерін айтып болған соң Құдайға құлшылық ету орнының ресми түрде таспасы қиылды.
Қазақы дәстүр бойынша шашу шашылды, жамағат мешіттің ішіне кірді. Алланың жердегі үйіндегі жәшіктерге садақа салып, намазға жығылды. Ауыл тұрғындары мен қонақтар құлшылық орнының ашылғанына дән риза.
Нысанның іші кең, керектінің бәрі бар. Іші мұсылмандық нақышпен безендірілген, көздің жауын алады. Құрылыс жұмыстары былтыр жазда басталыпты. Ауқымды жұмыспен жеке кәсіпкер, ауылдың тумасы Қайрат Жәнібеков айналысты. Ел қамын ойлаған азамат соңғы 7 жылдың ішінде туған жерін дамыту үшін біршама іс атқарыпты.
ҚАЙРАТ ЖӘНІБЕКОВ, жеке кәсіпкер, М.Жұмабаев ауданы:
— 2019-2020 жылдар аралығында 20 үй салдық. 2017 жылы мектебімізде 7 оқушы қалды. Қазір 80-нен асады.
Қазіргі таңда облыста 54 мешіт бар. Сулышоқтағы құлшылық орны бас имамы сайланып, құжаттары рәсімделген соң 55-ші болып тіркеледі.
ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:
— Қазір облыста 8 мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Алла үйлерінің көптеп салынуы тұрғындардың рухани байуына зор септігін тигізеді.
Сулышоқтағы күмбезді нысан ауылдың кіреберісінде орналасқан. Елді мекенге ерекше сән беріп тұр. Имандылыққа бет бұрып, 5 уақыт намаз оқимын деген жамағатқа мешіттің есігі әрдайым ашық болмақ.
Нұрасыл Ахмет