Көрмеге ІІІ халықаралық суретшілер симпозиумына қатысқан қылқалам шеберлерінің өнер туындылары қойылған. Ауқымды іс-шараға Қазақстаннан бөлек, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия елдерінен, сондай-ақ Татарстан, Башқұртстан, Саха Республикасы, Бурятия, Мажарстан және Түрікменстаннан барлығы 20 қылқалам шебері қатысты.
Бұл өнер мерекесі суретшілердің шығармашылық тәжірибе алмасуына жол ашып қана қоймай, Ботай мәдениетінің бай мұрасын жаһанға танытуға мүмкіндік берді. Облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев өз сөзінде Ботайдың әлемдік деңгейде ерекше орын алатынын атап өтті.
Оның айтуынша, Париждегі «Адам» музейінде адамзат өркениетінің ең ұлы жетістіктерінің қатарында Ботай мәдениетіне арналған жеке экспозиция қойылған. Ол егіншіліктің бастау алуы, металл өңдеуді игеру және ғарышты бағындыру сынды адамзат тарихындағы өркениет белестерімен бір қатарда тұр.
РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:
— Бүгін біз ерекше көрменің ашылуына куә болып отырмыз. Мұнда әртүрлі елдерден келген суретшілер салған туындылар да бар. Барлығы да Ботай мәдениетіне арналған. Бұл – ұлы археологиялық жаңалықты кеңінен танытып, насихаттауға бағытталған үлкен еңбектің көрінісі, маңызды оқиға. Біз Қазақстан аумағында, соның ішінде дәл осында, Солтүстік Қазақстан жерінде осындай теңдесі жоқ тарихтың болғанына мақтануымыз керек. Ол бізге ауқымды мәдени іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беріп отыр.
Евгений Болсобоевтің шығармашылығы көне архетиптерге бай. Оның туындыларында олар ерекше мәнге ие болып, терең мағынаға толы сипатқа енеді. Дүниежүзілік ағаштың бейнесі, қолына даңғырасын ұстаған тәуіп, не болмаса уақыт пен кеңістікті қақ жарып өтетін жебе – бәрі де суретшінің өнерінде жаңаша тыныс табады. Ол туындыларында бабалардан жеткен рухани мұраны, терең мағыналы символдарды қазіргі заманғы көркемдік өрнектермен ұштастыра отырып, мифологиялық әлемді жасайды.
ЕВГЕНИЙ БОЛСОБОЕВ, суретші, Бурятия:
— Бұл тақырып маған ерекше жақын. Себебі Бурятияда да жылқы – көшпелі мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Бұл, менің ойымша, Ұлы даланың барша халықтарына ортақ құндылық. Осы жолы мен көрмеге бурят эпосындағы батыр Гэсэрге арналған графикалық серияны ұсындым. Гэсэр – зұлымдықпен күрескен қаһарман, ал оның сенімді серігі – жылқы болды. Сонымен бірге Ботай қазбаларына барған кезде екі туынды жазып үлгердім. Әртүрлі елдерден келген суретшілермен жұмыс істеу ерекше әсер қалдырды. Шығармашылық барысында бір-бірімізді байытып, барлығының ойы мен туындылары жылқы бейнесінің айналасында тоғысты.
Симпозиум қонақтарының бірі – Мажарстаннан келген суретші Томас Джанос. Ол Ботай қазбаларына барып, көне мәдениетті өз көзімен көріп, ерекше әсер алған.
ТОМАС ДЖАНОС, суретші, Венгрия:
— Ботай қонысына барған сәтімде оның мәдениетіне қатты таңғалдым. Әсіресе, өзенді көрген мезетте ерекше бір тартылыс күшін сезінгендей болдым. Сол әсерлі сәттерде жүрегімде туындаған барлық эмоциямды осы туындыма арқау еттім десем болады.
Көрмеде қатысушылардың 60-тан астам туындысы қойылған. Жұмыстар әртүрлі техникада орындалған. Экспозициядан майлы және акрил бояуымен, акварельмен салынған картиналармен графикалық стильдегі туындыларды көруге болады.
Байболат Құлтанов