ҚоғамМәдениет

Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың 115 жылдығы тойланды

Сұлушоқ – қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл. Елді мекенде 45 отбасы түтін түтетіп отыр. Осыдан 10 жыл бұрын жойылудың аз-ақ алдында тұрды. Қиын-қыстау шақта осы жердің тумасы, кәсіпкер Қайрат Сапарғалиұлы демеу берді, “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы септігін тигізді. Қазіргі таңда мұнда 250-ге жуық адам тұрады. Өткен мен бүгінгіні салыстыруға келмейді.

Қайрат Сапарғалиұлы мен мемлекеттің қолдауының арқасында ауыл 115 жылдығын дүркіретіп тойлады. Думанға аудан әкімі Рахат Смағұлов қатысты. Елді мекеннің дамуына зор үлесін қосқан бірқатар азамат марапатқа ие болды. Марапат алатындай жөндері бар. Олар ауылды көркейтті, сөнгелі тұрған отты қайтадан маздатты.

САРАГҮЛ БЕЙСЕБАЕВА, Успен ауылдық округінің әкімі, М. Жұмабаев ауданы:

— Ауылдық округте көші-қон бағдарламасы оң жолға қойылған. Сулышоқ ауылының тең жартысы – онтүстіктен қоныс аударған жандар. Әр үй орталықтандырылған сумен қамтылған.

Ауылдың мерейтойына арнап Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртістері концерт ұйымдастырды. Кешегі Мағжанға шабыт берген мекенде ән мен күйден шашу шашылды. Бишілер де мың бұралып, тойдың көркін келтірді. Думанға елді мекен тумалары жан-жақтан жиылды, бір-бірімен қауышып, мәз-мейрам болды.

Ал Нұркен Нұрсейіт – Түркістан облысының тумасы. Солтүстікке қоныс аударғанына 10 жылдан асыпты. Сулышоқта 4 жыл тұрады. Азамат теріскейге ағайындарын да ерте келген. Қазіргі таңда бауырлар елді мекенде бақытты ғұмыр кешуде.

НҰРКЕН НҰРСЕЙІТ, Сулышоқ ауылының тұрғыны, М. Жұмабаев ауданы:

— Сулышоққа келгеніме еш өкінбеймін. Бізді құшақ жая қарсы алды. Көшіп келген тұрғындардың барлығы жұмыспен қамтылды.

Думан барысында ұлттық ойындарға да кезек келді. Тепсе темір үзер толағайлар қазақ күресінен өзара мықтыны анықтады. Сондай-ақ, желдей жүйрік тұлпарлар мен тақымдары тастай балалар Құнан және Аламан бәйгеде өнер көрсетті.

 

Нұрасыл Ахмет