Табиғаттың тосын мінезі әлекке салды. Демалыс күндері Солтүстік Қазақстан облысында нөсер жаңбыр жауды. Шелектеп құйған жауынның салдарынан қала ішінде көлікпен жүрудің өзі қиындықтық тудырды. Әлеуметтік желіде түрлі видео тарады. Тұрғындар көшелердегі, аулалардағы және нысандардағы жағдайды ұялы телефондарына түсіріп алған.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, Петропавл қалалық әкімдігі ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
— Жауын-шашынның шамадан тыс мөлшерде түсуіне байланысты қаланың кейбір көшелерінде, тұрғын үйлердің аулаларында су жиналды және жертөлелерге су кірді. Жаңбырдың салдарын жою мақсатында авариялық қызметтер жұмыс істеді.
Тұрғындар жаппай хабарласты. Таңғы 6-дан бастап түнгі 12-ге дейін ikomek орталығына 100-ден астам өтініш түскен. Халық ауладағы, жертөледегі суды сорып алуды өтінген.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, Петропавл қалалық әкімдігі ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
— Жұмыстар жүргізілді. Мәселен, “Қызылжар су” серіктестігі мен тазарту құрылыстарының мекемесінен 20-дан астам техника шықты.
Жалпы, кешеден бері Петропавл қаласы бойынша 15 мың текше метрден астам су сорылған. Кейбір учаскелерде алдын алу жұмыстары әлі жалғасуда.
Мәдина Қаби