Экономика және қаржы

Жолаушы тасымалдаушының мәселесі облыстық қоғамдық кеңесте қаралды

Облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиында 2 мәселе қаралды. Алғашқы баяндамашы – жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжінов. Салада шешуді қажет ететін түйткіл бар. «Конюхово-Петропавл» бағыты бойынша қытынап, кызмет көрсету тиімсіз көрінеді. Тасымалдаушы субсидия түрінде қолдау көрсетуді сұраған.

МИРХАТ ӘБІЛМӘЖІНОВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

— Арнайы есептеулер бойынша билеттің құны 3 140 теңге болуы тиіс. Әлеуметтiк маңызы бар деп танылғаннан кейін көрсеткіш 1 350 теңгеге түсті. Арадағы айырмашылық 1 790 теңгені құрайды. Бұл тасымалдаушыға тиімсіз. Сонымен қатар, мұндай мәселе «Троицкое-Пресновка» және «Бауманское-Пресновка» бағыттары арасында қатынайтын кәсіпкерлерде де туындап тұр.

Мирхат Әбілмәжіновтың ұсынысын кеңес мүшелері мұқият тыңдады, жіті талқылады. Ұсыныс қолдау тапты. Енді басқарма әрмен қарай тиісті жұмыстармен айналысады, бірер айда тасымалдаушыға субсидия төленуі тиіс. Ендігі мәселе – салықтық түсімдерді ұлғайту есебінен облыстық бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту. Болжам бойынша жылдың соңына қарай қазына 5,6 млрд теңгемен толығады. Тиісінше, қомақты қаражатты қажет ететін бағыттарға бөлуге болады.

ӘЛИЯ ӘЙКЕНОВА, СҚО қаржы басқармасы басшысының орынбасары:

— Облыстың денсаулық сақтау басқармасына – 557,1 млн теңге. Оның басым бөлігі тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етуге жұмсалады. Білім басқармасына – 121,2 млн теңге. Қаржы оқу ұйымдарының жылыту маусымына дайындығы үшін керек. Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментіне – 313,5 млн теңге. Ведомствода маман саны артқан. Қызметкерлерге тұрғын үй төлемдері жасалады. Бұдан басқа да бағыттар бар. Олар қолдауды қажет етеді.

Әлия Әйкенованың баяндамасы бірнеше саланы қамтыды. Кеңес мүшелері тарапынан да бірнеше сауал қойылды. Соңында ұсыныс қолдау тапты.

 

Ақтолқын Солтанханқызы