Спорт

Спортшылар қошеметке бөленді

17-ші тамыз – Спорт күні. Айтулы датаға орай бүгін солтүстікқазақстандық сала өкілдері қошеметке бөленді. Шараның шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев ашты.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

Бүгінгі күні өңірімізде 225 мыңға жуық адам спортпен айналысады. 49 мың бала спорттық мекемелердегі тегін үйірмелерде дайындалады. Соңғы 2 жылдың өзінде 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Сонымен қатар, тағы бір спорттық кешен, бассейн және мұз айдындары салынып жатыр.

Қолдау мығым, тек еңбек ету қажет. Сонда спортшы да, жаттықтырушы да табысқа жетеді. Жаттырушы демекші, салтанатты шарада бір топ маман құрметке бөленді. Қажығали Бадымов “Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін” министрдің төсбелгісімен марапатталды. Азамат Айыртау ауданында балаларды еркін күрестің қыр-сырына үйретіп келеді.

ҚАЖЫҒАЛИ БАДЫМОВ, Айыртау ауданы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің еркін күрес бойынша жаттықтырушысы:

Бұл салада 85 жылдан бері еңбек етемін. Қазіргі таңда шәкірттерім облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болады. Бүгін министірдің төсбелгісін алып отырғаныма қуаныштымын. Осылай еңбегімді елеп жатқандарыңызға рақмет.

Сонымен қатар, өңіріміздегі спорттың дамуына елеулі үлес қосқан жандардың бір бөлігі ҚР Туризм және спорт министірінің “Құрметті спорт қызметкері” төсбелгісіне ие болды.

АЛТЫНБЕК АУСАҒИТОВ, “Қызылжар арландары қазақ күрес спорт клубы” ЖШС директоры:

Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Сонымен қатар, “Қызылжар арландары қазақ күрес спорт клубы” ЖШС басшысымын. Бүгінгі спорт күнімен барша спортсүйер қауымды құттықтаймын.

Қошеметке бөленгендердің арасында облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталғандар да болды. Сондай-ақ, су тасқыны кезінде белсенділік танытқан мамандар және спортшылар төтенше жағдайлар департаментінің Алғыс хатына ие болды.

 

Ақтолқын Солтанханқызы