Сауысқандай сақ, қасқырдай қайсар және қырандай күшті! Бұл теңеулерге шекарашылар лайықты. Олар халықтың тыныштығы бұзылмау үшін күні-түні еңбек етеді. Ел шебі сенімді қолда деп айта аламыз. Елімізде 18 тамыз – Шекарашылар күні. Биыл бұл қызметтің құрылғанына – 33 жыл. Осыған орай облыс орталығында салтанатты шара өтті.
СӘКЕН ҰРМАНТАЕВ, ҚР ҰҚК Шекара қызметі СҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары:
— Барша әріптестерімді мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Біз ондаған жылдар бойы маңызды міндетті абыроймен атқарып келеміз.
Облыс Ресеймен шектеседі. 18 застава мен 5 өткізу бекеті бар. Шекарашыларымызға 1250 шақырымды кірпік қақпай бақылау жүктелген. Салтанатты шара барысында 20-ға жуық маман марапатқа ие болды. Солардың бірі – Мағжан Ахметжанов. Маманға таңдаған мамандығы ұнайды. Зейнетке дейін осы салада еңбек еткісі келеді. Тепсе темір үзер азамат бүгін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
МАҒЖАН АХМЕТЖАНОВ, ҚР ҰҚК Шекара қызметі СҚО бойынша департаменті байланыс бөлімінің байланысшысы:
— Шекара қызметінде 6 жылдан бері еңбек етемін. Әріптестеріммен дос болып кеттік.
Қазіргі таңда облыстың шекара қызметінде Мағжан сынды 1500-ға жуық маман жұмыс істейді. Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Нұрасыл Ахмет