Бұл – Жұмысшы кенті. 8 Наурыз көшесіндегі 13-ші үйде көпбалалы отбасы тұрады. Бүгін оларға Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары келіп, пештің жағдайын тексерді. Қажетті ақыл-кеңес берді. Сонымен қатар, баспанаға датчик орнатылды. Ол нысан ішінде түтін тараса, бірден дабыл қағады. Мамандар датчикты тек әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың үйіне орнатады.
ТАТЬЯНА ШУЛЬГИНА, Жұмысшы кентінің тұрғыны:
— Менің 4 балам бар. Олардың қауіпсіздіктері үшін датчик қажет, бұл – нағыз таптырмас дүние. Арасында біз үйде болмаймыз, балалар жалғыз қалады. Сонда алаңдап отырамыз. Қауіпсіздік ережелерін толығымен сақтаймыз. Қыста көмір де, отын да жағамыз. Пеш жанып жатқанда ұл-қыздарды назарсыз қалдырмау керек.
Төтеншеліктер мұндағы басқа да үйлерге бас сұқты. Пештердің жағдайын көріп, жарық жерлері болса, күн ашықта дұрыстау қажет екенін ескертті. Себебі, ине өтетін саңлаудың өзінен түтін шығып, адамдар улануы мүмкін. Егер сандарды сөйлететін болсақ, осы жылдың басынан бері өңір бойынша 287 өрт жағдайы тіркелген. Тілсіз жаудан 17 адам қаза тапты, оның 3-еуі – бала, 25 адам түрлі жарақат алды.
АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
— Осы жылы әлеуметтік осал топтарға жататын 6 мыңға жуық үйді есепке алдық. Оларда 24 мыңнан астам адам тұрады. 14 мың бала бар. Бүгін өртке қарсы айлықты бастап отырмыз. Жауапты кезеңде барлық тұрғынның үйіне барып, өрт қауіпсіздік ережелерін түсіндіреміз. Мұржаларын тазалаймыз. Егер дабыл датчигі орнатылмаса, орнатып береміз.
Төтеншеліктер тек үйлерді тексермейді. Білім беру нысандарының да жылыту маусымына дайындығымен танысады. Биыл мамандар 400-ден астам мекемеде болыпты. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережесінің 3 мыңнан астам бұзылу фактісін анықтаған.
Мәдина Қаби