Петропавл вокзалында қуанышты жайт. Полицейлер, ұстаздар және ата-аналар Ғазиз Байтасов атындағы жас жол инспекторларының XX слетінен 3-ші орынмен оралған оқушыларды қарсы алды. Жүлдегер – Мамлютка қаласындағы №1 мектеп-гимназияның балалары. Дәстүрлі сайыс Өскемен қаласында өтті. Оған көршілес елден келген қонақтар да қатысып, шара халықаралық статус иеленді.
АЛЬМИРА ӘДІЛОВА, жол қозғалысының жас инспекторы:
— Біз – «ЮИД-Контроль» командасымыз. Өскемен қаласында 3-ші орын бұйырды. Бұл байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Барлығын құттықтаймын, бұл біздің соңғы жеңісіміз емес деп ойлаймын!
Мамлюттік команда пандемияға дейін құрылған. Қазір олар бастауыш сынып оқушыларымен де жиі кездесіп, жол ережелерін үйретеді. Өздері ойлап тапқан ойындар мен байқауларға қатыстырады.
АЛЁНА КОВАЛЬЧУК, жол қозғалысының жас инспекторы:
— 3-ші орын алғанымызға әлі қуанып жүрміз. Байқау халықаралық деңгейде өтті. Оған 21 команда қатысты, арасында Қырғызстаннан келген ұжымдар да болды.
Жол қозғалысының жас инспекторларын дайындау ісі өңірде оң жолға қойылған. Бүгінде облыста 200-ден астам жасақ жұмыс істейді, олардың құрамына 4 мыңнан астам оқушы кіреді.
ГАУХАР РАМАЗАНОВА, СҚО ПД ЖПҚБ инспекторы:
— Бұл жетістік балалар мен жасөспірімдер арасында жол жүру ережелерін насихаттау бағытында жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесі болып табылады.
Теріскейлік жол қозғалысының жас инспекторлары өздері білім алатын мектептің тарихында қалғысы келеді. Олар алдағы байқауда жеңіске жетуге ниетті.
Мәдина Қаби