Спорт – ұзақ жасаудың кепілі. Бескөл ауылында егде жастағы нәзікжандылардан құралған “Здоровье” атты топ бар. Бұл ұжымға мүшелік ететін зейнеткерлер төрт қабырғада қамалып отыруға қарсы. Олар салауатты өмір салтын ұстанады. Аптасына 2 рет жергілікті дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне келіп, түрлі жаттығу жасайды.
Жаттығу дененің барлық мүшесін қамтиды. Зейнеткерлер бір орында қол-аяқты қозғалтумен шектелмейді. Олар залды айнала жүгіреді. Мадина Қадыбаева – 73 жаста. Жерлесіміздің сөзінше, спорт денсаулықты жақсартады әрі көңіл-күйді көтереді.
МАДИНА ҚАДЫРБАЕВА, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
— Менің мұнда келіп жүргеніме 15 жыл болды. Жүрегім ауырады. Осы жер жайлы естіп, келуді ұйғардым. Қазір өзімді жақсы сезінемін.
“Здоровье” бүгін-кеше құрылған топ емес. Мүшелері сонау 80-ші жылдардан бері бірге спортпен айналысып келеді. Қазір салауатты өмір салтын ұстанатын ең жас зейнеткер 65-те болса, ең үлкені 87-ге келген. Барлығы бір-бірімен туған әпке-сіңлідей. Өте ұйымшыл ұжым өмірде де тығыз араласады.
ГАЛИНА ПОЛНИКОВА, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
— Біз жаттығуларды көбіне интернеттен аламыз. Жаңа әрі пайдалы іс-қимылдарды көрсек, бір-бірімізге айтамыз, өзара ақылдаса келе, жаттығулар тізіміне қосамыз. 3 жаттықтырушы бар. Соның бірі – мен. Топ өкілдері жұмасына 2 рет жүздесіп, спортпен айналысады. Салауатты өмір салтын бұрыннан ұстанамын. 70-ке келсем де құрбыларыма асығамын. Осы жерде өзімізді бақытты сезінеміз.
Белсенді зейнеткерлер түрлі жарыстарға да қатысып жүр. Қуантарлығы, топ мүшелерінің саны жылдан-жылға артуда. Бескөлдік жерлестеріміз қатарластарын ұжымға қосылуға шақырады.
Мәдина Қаби