Құқық қорғау органдары

Полицейлер жасырын мобильді кешендердің жұмысын көрсетті

Полиция департаменті ерекше шара ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары тілшілер және блогерлерге жол жүру ережесін бұзған жүргізушілерді бірден тіркейтін мобильді кешендерді көрсетті. Заман игіліктерінің бірі – “Жасырын патрульдеу” жүйесі. Бұл – “Cordon” маркалы кешен. Өңірде жасырын жүйенің 4 данасы ғана бар. Екеуі облыс орталығындағы тәртіптің бұзылмауын қадағаласа, қалған екеуі “Петропавл-Астана” республикалық тас жолында түсірілім жасап, ереже бұзғандарды анықтайды.

Құрылғының мүмкіндігі зор. Ол жылдамдық режимінің сақталуын, белдіктің тағылуын, жолдағы белгілердің ескерілуін және көліктің сызықтан асып кетпеуі сынды жайттарды автоматты түрде бақылайды. Оған рейд барысында көз жеткіздік. Қаланы аралаған мамандар небәрі 5 минуттың ішінде тәртіп бұзған 5 жүргізушіні анықтады. Олардың барлығы жылдамдықты асырған. Жалпы, өңірде мұндай 15 жасырын мобильді кешен бар.

СЕРІК ӘЛЖАНОВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

— Жасырын мобильді кешендерден бөлек, облысымызда 67 станционарлық кешен жұмыс істейді. Оның 32-сі қалада болса, қалғаны облыстық және республикалық жолдардағы тәртіпті қадағалайды. Полицияның негізгі мақсаты тұрғындарға айыппұл салу емес. Біз жүргізушілердің ережені сақтап, өзіне және басқа да адамдарға қауіп төндірмегенін қалаймыз. 

Полиция мұндай рейдті бекерден-бекер өткізіп отырған жоқ. Жыл басынан бері өңірде 316 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 24 адам қаза тауыпты. Марқұмдардың 13-і жүргізушілердің кінәсінен ажал құшқан.

 

Ақтолқын Солтанханқызы