Экология

Белсенді жастар халықты тазалыққа шақырды

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” акциясы аясында облыста күн сайын түрлі шара өтуде. Сенбіліктер, ән мен би байқаулары және спорттық сайыстар. Бірақ, бүгінгі акцияның форматы ерекше болды. Өңірдің белсенді жастары қаламыздың басты көшесінде интерактивті ойындар ұйымдастырды.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, облыстық “Birgemiz” волонтерлік фронт-офисінің координаторы:

— Шара 3 бағыттан тұрады. Адамдар экологиялық сұрақтарға жауап береді, қағазға тілек жазып, ағашқа іледі.

“Таза Қазақстан” акциясы басталғанына 1 жылдан асты. Сәлімхан Сәбитовтің сөзінше, бастаманың арқасында халық арасында тазалық мәдениеті қалыптасуда.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, облыстық “Birgemiz” волонтерлік фронт-офисінің координаторы:

— Қазіргі таңда халық тазалыққа жақын. Әсіресе, қоқысты бөліп тастау мәдениеті қалыптасып жатқаны қуантады.

Ұйымдастырушылар шараны Қазақстан Консититуциясы көшесі бойында тегіннен-тегін ұйымдастырған жоқ. Бұл көшеде адам көп жүретіні белгілі. Белсенділер тұрғындармен тілдесіп, тазалыққа шақырғысы келеді. Интерактивті ойынға бірсыпыра жан қатысты. Олар қызықты экологиялық сұрақтарға жауап берді. Жауапты дәл тапқандарға тәтті және тұрмысқа қажетті сыйлықтар табысталды.

Ұлжан Сұлтанғазиева – тазалыққа жаны құмар жастың бірі. Ол қойылған сұрақтың барлығына дұрыс жауап берді. Студентке ұйымдастырушылар су құятын ыдыс табыс етті.

ҰЛЖАН СҰЛТАНҒАЗИЕВА, студент:

Тазалық шараларына жиі қатысамын. Маған сөйлемді рет-ретімен құрау керек болды. Берілген тапсырманы дұрыс орындап, сыйлық алдым. 

Жыл басынан бері облыста “Таза Қазақстан” акциясы аясында 800-ден астам тазалық шарасы өтті. Соның 200-і Петропавлда ұйымдастырылды.

 

Нұрасыл Ахмет