Ән айтылды, би биленді, ұлттық тағамдар да ұсынылды. Достық үйіне қарама-қарсы алаңда петропавлдықтар мен қала қонақтарына түрлі ұлт өкілдерінің мәдениеті таныстырылды. Шараны Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай “СҚО армян мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі мен “Қоғамдық келісім” мекемесі ұйымдастырған. Бүгінгі күні өңірімізде 86 ұлт өкілі тату-тәтті тұрады, басты байлығымыз саналатын бірлігімізді нығайту мақсатында диаспоралардың басы жиі қосылады. “Достық дастарханы” деп аталған шарада қатысушылар өздерінің ұлттық тамағын көпшілікке ұсынды. Сонымен қоса, тағамдарды жасау жолымен бөлісті.
СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
— Әр этнос мәдениеті және тарихымен ерекшеленеді. Бүгін қала тұрғындары мен қонақтары осы іс-шараның арқасында жақынырақ танысатын болады. Бұл жерде қазір татар өлеңдері айтылады, тәжік палауын жеп көресіздер.