Тәртіп сақшылары тұрғындардың пікірін назарсыз қалдырмады. Петропавлдық полиция қызметкерлері жүргізушілерге Егемен Қазақстан, Караван және Қазақстан Конституциясы көшелеріндегі күрделі айналма қиылыстан өту ережесін түсіндірді. Ақпараттық жұмыс халықтың бастамасынан соң қолға алынды. Бұған дейін жерлестеріміз және қала қонақтары әлеуметтік желіде жолдың осы тұсын қызу талқылап, қозғалыс кезіндегі қиындықты жазды. Осыған байланысты мамандар ережені еске салды.
ДАНИЯР ІРГЕБАЕВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының инспекторы:
— Бұл айналма қозғалысы бар қиылыста басты жол Караванная көшесінен басталып, сақина бойымен жалғасады. ҚР жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, іргелес аумақтардан шыққан көлік жүргізушілері жол беруге міндетті. Сонымен қатар, осы жерден шығатын көліктер барлық жол қатысушыларына жол беруі тиіс. Қосымша ақпарат үшін бұл жерге «Жол беріңіз» белгісі орнатылған.