Аптадағы маңызды жаңалықтарӨнеркәсіп

Петропавлда түрік инвесторы көпбейінді кешеннің құрылысын бастады

2027 жылы Петропавлда бұрын-соңды болмаған көпбейінді кешен ашылады. Құрылыс жұмыстарына Түркияның ең беделді компанияларының бірі ақша құймақ. Өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов заманауи үлгідегі нысанды салатын “YDA Group” компаниясының құрылтайшысы Хусаин Арсланмен меморандумға қол қойды. Шараға ҚР Премьер-Министірінің орынбасары Ермек Көшербаев қатысты. Тараптардың кездесуі барысында сөз алған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов аталған кешен тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз етіп, қалаға көрік беретінін атап өтті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Көпбейінді кешен қалаға көріп беріп қана қоймай, туризм саласының дамуына да зор септігін тигізеді. Әсем ғимараттың құрылысымен әлемде беделі бар компанияның айналысып жатқанына қуаныштымын. Бұл – облыстағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі. Сондықтан, әр жұмысты сапалы атқаруларыңызды сұраймын. Серіктестерімізге сәттілік тілеймін!

Сәулетті кешен жыл артқан сайын құлпыра түскен “Жас өркен” ықшам ауданында орналасады. Бірсыпыра жерді қамтиды.

ХУСАИН АРСЛАН, “YDA Group” компаниясының құрылтайшысы, Түркия:

— Нысанның аумағы 40 мың шаршы метрді құрайды. Көпбейінді кешенде бизнес орталық, 5 жұлдызды қонақ үй және көпқабатты баспана болады. Оның ішінде 1 ден 4 бөлмеге дейінгі 180 пәтер орналасады. Аумақта адамдардың демалуына арналған саябақ салынады. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың жайлылығын толығымен қамтамасыз етеміз.

Жеке инвестиция есебінен құрылыс жұмыстарын жүргізу – қазіргі таңдағы негізгі міндеттердің бірі. Бүгінде аймақта мұндай тәсілмен 50-ге жуық жоба жүзеге асуда.

 

Нұрасыл Ахмет