Аптадағы маңызды жаңалықтарМәдениет

Петропавлда “Мағжан орталығы” ашылды

Петропавлда “Мағжан орталығы” ашылды. Алаш арысының аты берілген мәдени ошақ қаламыздың қақ ортасында орналасқан. Салтанатты шараның басында театрландырылғын қойылым ұсынылып, атақты қайраткердің рухы асқақтады.

Мағжан Жұмабай ұлт бостандығы жолында аянбады. Елдікті ту етті. Жастарға сенім білдірді. Осыларды мінберге шыққан Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев атап өтіп, Қызылжар жұртын айтулы оқиғамен құттықтады. Орталықтың орналасқан жеріне қатысты сұрақ туындауы мүмкін. Бұл ретте жоба әзірлеушілер тарихқа сүйеніпті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Бұл орталық тек ғылыми жұмыстары алаңы емес. Мәдени және шығармашылық кездесулер мен іс-шаралар өткізуге арналған тамаша орын дегім келеді. “Мағжан орталығы” мешіттің жанында орналасқан. Кезінде Мағжан әкесімен дәл осы мешітке келген.

Мағжан десе көз алдымызға айбынды батыр, білімді тұлға, халқына жақын адам келеді. Ол ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу болғанын қалады. Жалынды жырмен қатар, ат басындай алтыннан қымбат оқулықтарды өмірге әкелді.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

— Бұл кісілер оқулық жазған. Білім мен ғылымның негізін қалады. Бұл ретте Мағжаның еңбегі шексіз.

“Мағжан орталығы” 19-шы ғасырдың соңында салынған ғимаратта орналасқан. Нысан биыл күрделі жөндеу көрді. Қазір ішін де, сыртын да адам танымайды.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

— Бұл ғимарат республикалық ескерткіштер тізімінде орналасқан. Кезінде осы жерде Сәбит Мұқанов жұмыс істеген. Бірнеше бөлме бар. Мағжанның кабинеті, жанұясының тарихы жайлы айтылатын бөлме де бар.

Орталықта марғасқа Мағжанға қатысты бағалы құжаттар жетерлік. Кейбірі өзге елдерден алыныпты. Тағы 1927 жылы жарық көрген физика пәні оқулығы бар. Оны қайраткер жастар үшін жазыпты.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

— Бұл – Мәскеуде дайындалған еңбек. Алғысөзді Әлихан Бөкейхан жазған. Ол Мағжанды жоғары бағалаған.

Орталықта енді өнер де, білім де көрініс табады. “Мағжан” журналы осы жерден шықпақ. Бұның барлығы өскелең ұрпақтың тәрбиесіне оң әсер етеді.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, “Мағжан орталығының” директоры:

— Жастарды Мағжан рухында тәрбиелейміз десек, Мағжанның осындай қазыналы ордасы болуы керек. Мұнда жастар, ақын-жазушылар, мағжантанушылар келеді.

Орталықтың ашылу салтанатына Мағжан Жұмабайдың туыстары қатысты. Олар игі бастаманы жүзеге асырған жандарға, зиялы қауымды биік санайтын билікке алғыс білдірді.

МАРАТ МҮСЛІМОВ, Мағжан Жұмабайдың туысы:

— Президентке алғыс білдіреміз. Ол кісі осындай шараларға жақын. Туыстардың атынан алғыс айтамын.