Қызылжар ауданының орталығында жедел басқару орталығы ашылды. Нысанда 72 камера іске қосылған. Қаңтар айында басталған пилоттық жоба маусымнан бастап тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Бескөл ауылындағы бұзушылықтар дәл осы бейнебақылау камералараның көмегімен анықталады.
Қызметкерлер тәулік бойы кезекшілік етеді. Үлкен мониторларға келіп түсетін видеолар арқылы жағдайды бақылап, оқиғаларға бірден әрекет етуге мүмкіндік бар. Мамандардың айтуынша, жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеуде: енді көшелерде күмәнді жағдайлар мен құқық бұзушыларды тезірек байқауға болады. Операторлар оқиғаны тіркеп, дереу мәліметтерді кезекші бөлімге жеткізеді.
АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:
— Биыл бейнебақылау камералары арқылы 500-ге жуық қылмыс ашылды. Бұл – СҚО бойынша дерек. Камера неғұрлым көп болса, қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылықтардың ашылу көрсеткіші соғұрлым жоғары болады. 2 айда 141 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Былтыр бар болғаны 76 жайт тіркелді. Айтарлықтай өсімді көреміз.
Облыс әкімі Бескөл ауылынан бөлек, өзге де елді мекендерді орталыққа қосу мүмкіндігіне қатысты сұрақтар қойды. Басқа да аудандарда осындай орталықтар ашу мәселесін қарастырды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Премьер-Министр барлық ауданда осындай жүйені енгізуді тапсырды. Осы жедел басқару орталығын құруға 320 миллион теңге жұмсалды. Бірқатар облыста, мысалы, Павлодар облысы толық қамтылған. Біз де алдағы 2 жылда толық қамтуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылға 2 миллиард 700 миллион теңге қаражат қажет. Сол қаржыны келесі жылға бөліп, жоспарға енгізу керек.
Қазіргі таңда орталық Бескөл аумағын толық қамтып отыр. Бюджеттен қаражат бөлінсе, Қызылжар ауданының басқа да елді мекендері бақыланатын болады.
АСЛАН БЕКМАҒАМБЕТОВ, Қызылжар ауданы ПБ басшысының міндетін атқарушы:
— Жедел басқару орталығының тиімділігі – бұл жедел әрекет ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды уақытылы ашу. Басқа қызметкерлерге де ыңғайлы, мысалы, жаяу патрульдер мен автопатрульдер үшін көмегі зор. Бейнебақылау камералары кез-келген сәтте патрульді жіберуге, тез әрекет етуге мүмкіндік береді.
Билік өкілдері Бескөл тәжірибесі облыстың өзге аудандарына үлгі болады деп үміттенеді. Жақында бейнебақылау камералары мен жедел басқару орталықтарының желісі облысты толық қамтып, қылмыстардың ашылу деңгейін арттырып, тұрғындардың қауіпсіздігін нығайтпақ.