Осыдан 45 жыл бұрын атақты қазақстандық археолог Виктор Зайберт Ботай қонысын ашты. Бұл жаңалық әлем жұртының назарын аударды. Себебі, Солтүстік Қазақстан облысында жылқыны алғаш рет қолға үйреткен мекен анықталды. Тарихи орынды, мәдениетімізді көпшілікке таныту мақсатында Айыртау жерінде ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға өзге елдердің археологтары, ғалымдары мен суретшілері де қатысты. Қылқалам шеберлері Ботай мәдениетін, түркі тілдес халықтардың өмірін, салт-дәстүрін қағазға түсірді.
ГАХРЫМАН ГОЧМУРАДОВ, суретші, Түрікменстан Республикасы:
— Ежелгі Ботай топырағы – тарихқа толы жер. Бұл төңірекке қаншама адамның табаны тиген. Олар қолданған қыш ыдыстарды, жеке заттарды көріп, тамсанып жатырмын. Бұның барлығын зерттеу оңай еместігін бәріміз білеміз. Картинамды шабаттана салдым. Аттың үстінде отырған 2 мерген қағазға түсті. Бұлар – аңшылыққа шыққан біздің ата-бабамыз.
Суретшілер сурет салып жатса, мына тұста «Ботай» музей-қорығының қызметкерлері сонау энеолит дәуірінде өмір сүрген адамдар қолданған заттарды таныстырды. Марат Мәкеев ежелгі дән үккішті ұстап тұр. Бұл арқылы кезінде азық дайындалған.
МАРАТ МАКЕЕВ, «Ботай» музей-қорығының ғылыми қызметкері:
— Осындай тас дисктер 3 түрлі болған. Үлкен, орташа және кішкентай. Олар әртүрлі қызмет атқарған. Оны балық аулағанда, жүнді иіргенде және дән үккенде қолданған.
Ботайлықтардың киімдері, тамақ ішетін ыдыстары да көпшілікке көрсетіліп, тігілу және жасалу жолдары айтылды. Мекендегі әр үй – тарихи тұрақ. 15 гектар жерді алып жатқан қоныстан ежелгі 158 баспана табылған және жан-жақты зерттелген. Бүгінде 3 жерасты үй қайта қалыпқа келтірілген. Ортада ошақ тұр. Ұсақ заттарды қою үшін қабырғада ойықтар жасалған.
ДАМИР ТОҚТАРОВ, «Ботай» музей-қорығының ғылыми қызметкері:
— Бұрынғы кезде адамдар балық аулайтын ауды жылқының жалынан жасаған. Оған тас дисктарды іліп отырған.
Қоныстан 133 мыңдай жылқы сүйегі табылды. Ғалымдар зерттеді. Нәтижесінде ботайлықтар қолға үйреткен жануар тұқымы қазір жоқ екені анықталды. Тарихтың тереңіне бойлау үшін алыс-жақыннан білікті мамандар шақырылды.
ХУЛИО БЕНДЕЗУ-САРМИЕНТО, археолог, бионтрополог, Франция Республикасы:
— Мен Франциядан келіп отырмын. Осыдан 30 жыл бұрын осында болдым. Тәжірибесі аз археологқа Виктор Зайберт мол ақпарат ұсынды. Ботайлықтардың мәдениетін таныстырды. Қазір өткеннен хабардармын, бұл аумақ туралы әлі де білгім келеді. Тарихи қоныс Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де танымал. Араға жылдар салып қайта келіп отырғаныма өте қуаныштымын
Ұзақ жылдар зерттеліп жатқан мекенде өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев болды. Вице-премьер тарихтан сыр шертетін көне жәдігерлермен танысты, теріскей табиғатына тамсанды. Аумақта жас археологтар жетерлік. Олар өздерінің рәсімдерін көрсетті.
Тарихи деректерге сүйенсек, Ботай мәдениеті Ертіс пен Жайық өзендері аралығын мекен еткен тайпалар мәдениетіне жатады. Әлі де ашылмаған сыр бар. Қазба жұмыстары мен жас буын қажет. Елордадан арнайы келген тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев жерлесіміз Виктор Зайберттің досы болған. Ол да бұл жерде зерттеу жұмыстарын жүргізіпті.
ЗЕЙНОЛЛА САМАШЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, археолог, Астана қаласы:
— Ботай мәдениетінің қазақ тарихында алатын орны ерекше. Бұл жерде адамдар жылқыны қолға үйретті. Бұл – бір дерек. Тағы тас дәуірінен кейін немен айналысқандарын білеміз. Бұл да қызықты кезең.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев бастаған топ одан әрі Лобанова ауылындағы жоғары көпбейінді “Зейнеп” колледжіне барды.
Мәдина Қаби