Келесі жылдан бастап кәсіпкерлер салықтық есепті тоқсан сайын емес, жылына бір рет тапсырады. Бірыңғай жер салығы да жойылады. Мүлікті сатқаннан кейін төленетін мемлекеттік алым мерзімі де ұзартылды. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен кездескен Қаржы министрлігінің өкілдері жаңа Салық кодексін түсіндірді, бизнес өкілдерін толғандырған сауалдарға жауап берді.
АЙНҰР САРТАЕВА, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:
— Жаңа Салық кодексінде арнаулы салық режимдарының 3 түрі бекітілген. Біріншісі өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғаларға қатысты. Оларға такси жүргізушілері мен үйде кәсібін дөңгелетіп отырған жандар жатады.
Ойын бизнесіне қатысты салық көлемі ұлғайтылды. Кәсіпкерлер бұрын 20 пайыз мөлшерінде корпоративті табыс салығын төлеу керек болды. Келер жылы мемлекеттік алым 25 пайызға дейін өседі. Жаңа құжатқа сәйкес, ұйымдарға бұрынғыдай жоспарлы тексерулер жүргізілмейді. Мамандар әр кәсіпкерлікке ескертпей келеді.
АЙНҰР САРТАЕВА, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:
— Қосарланған құн салығына да бірнеше өзгеріс енгізілді. Кәсіпкер арнаулы салық режимінде жұмыс істейтін болса, салық төлемейді.
Жиынның ерекшелігі тек ақпарат ұсыну емес, әр қатысушы министрлік өкілдеріне өз сұрағын тікелей қойып, нақты жауап алды. Басқосуда камералық бақылау, салықтық тексерулер мен берешекті кейінге қалдыру тәртібі сияқты күрделі мәселелер де талқыланды. Астанадан келген мамандардың айтуынша, алдағы уақытта салық органдарының басты бағыты жазалаудан кеңес беруге және түсіндіруге ауысады. Енгізілетін жаңашылдық жиынға қатысушылардың көңілінен шықты.
АЙГҮЛ ШАЯХМЕТОВА, есепші:
— Іс-шара өте мағыналы, мазмұнды өтіп жатыр. Салық кодексін әзірлеуші мамандардан тікелей ақпарат алу – біз үшін маңызды жайт. Көптеген сұрақтарға нақты жауап берді. Әрине, кей тармақты бірден түсіну қиын. Ал бүгін Қаржы министрлігінің өкілдері бәрін егжей-тегжейлі айтып берді. Енді жаңашылдыққа дайындықты сенімді түрде бастай аламыз.
Тұрғындарды өздері көп қолданатын “Kaspi bank” аударымдары жайлы ақпарат қызықтыратыны сөзсіз. Ведомство өкілдерінің сөзінше, бұл бағыт бойынша өзгерістер енгізілмейді.
Нұрасыл Ахмет