Ботай қонысының біз білмейтін сырын ашу – ұрпақ міндеті. Тарихи мекенді әрмен қарай зерттеу, әлемге таныту мақсатында Петропавлда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара “Ботай – ұлы дала мәдениеті” деп аталды. Алқалы жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Ботай қонысының арқасында облысымызды әлем біледі. Киелі мекен өңіріміздегі туризм саласының дамуына зор септігін тигізуде.
Жиынға қатысушылар оқылған әр баяндамадан ерекше әсер алды. Өзара тәжірибе алмасып, білімдерін толықтырды. Алдағы уақытта қазақстандық археологтардың алдында Ботай қонысын туристік сапар орталығына айналдыру міндеті тұр. Сол үшін олар жергілікті әкімдіктен аталған аумақтағы инфрақұрылымды дамытуды сұрады. Басқосуға Түркия, Ресей, Франция елдерінен келген археологтар қатысты.
ХУЛИО САРМИЕНТО-БЕНДЕЗУ, археолог, бионтрополог, Франция Республикасы:
— Қазақстанға қайта келдім. Елдеріңіз айтарлықтай дамыған екен. Ботай – көпшілік қызығатын жер. Ол туралы жиі айтып, халықты осы аймаққа тарту қажет. Біраз дерек белгілі. Солар арқылы тарихтың тереңіне әрмен қарай бойлаған жөн деп санаймын. Бұдан өзге де жаңалық ашарымызға сенімдімін.
Қазір қоғамда алып-қашпа әңгіме көп. Кейбірі жылқы алғаш рет қазақ даласында қолға үйретілгеніне сенбейді немесе мойындағысы келмейді. Қонысты 20 жылдан астам зерттеп келе жатқан Зейнолла Самашев археологиялық жұмыстардың кезінде табылған ыдыстардың түбінен жылқы сүтінің нәлін тапқан. Егер ботайлықтар биені сауып, саумал сапырса, Қамбар ата төліне жүген салынғаны даусыз.
ЗЕЙНОЛЛА САМАШЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, археолог, Астана қаласы:
— Ботай қонысында ғылыми мәселелер жетерлік. Нақты уақыты мен тараған аумағын ешкім білмейді. Ғалымдардың көбі Ботайда жабайы жылқылар өмір сүрді деп жатады. Бұл айтылған сындар керісінше жұмысымызға серпін береді.
Ботай қонысы өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бері зерттеліп келеді. Археологтар бүгінге дейін 300 мыңнан астам жәдігер тапқан.
Нұрасыл Ахмет