Ұстаздар, әдістемелік орталық қызметкерлері және сала ардагерлері. Бүгін бұл жандар Тәуелсіздік стелласы маңында жиылды. Олар “Таза Қазақстан” акциясына қатыспақ. Челлендж алдында жас мамандар флешмоб ұйымдастырды. Республикалық акцияға қатысу үшін қалалық мектептердің барлығынан ұстаздар келген. Олардың мақсаты бір – айналаны күл-қоқыстан арылту, халықты тазалыққа шақыру.
АЖАР БАЛАҒАНОВА, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің мұғалімі:
— Мұндай тазалық акциясына бірінші рет қатысып отырмын. Науқанды жеке басым қолдаймын. Акцияның мақсаты – елімізде пластиксіз жаңа Қазақстанды құру.
Әсем әннің ырғағына би билеп, дене қыздырған ұстаздар іске кірісті. Ардагерлер Тұңғыш Президент саябағында қалса, жастар Конституция көшесі бойымен жүрді. Олар “Таза Қазақстан” деп жазылған қағаз пакетті тұрғындарға таратып берді. Оның сыртында тазалықты сақтауға байланысты бірнеше қағида жазылған.
ӘЛИЯ АЙТЕН, №44 орта мектептің мұғалімі:
— Біз білім беріп қана қоймай, өскелең ұрпаққа табиғатқа деген сыйластықты үйреткіміз келеді. Бұл пакетте 7 қағида жазылған. Тұрғындар соны оқиды және өздерімен бірге керек заттарды таси алады.
Жас ұстаздар Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның алдына келді. Олар Жамбыл Жабаев ескерткішінің маңын күл-қоқыстан тазартты.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
— Тамыз конференциясының қарсаңында мұғалімдер жағынан “Таза Қазақстан” акциясына байланысты челлендж ұйымдастырайық деген ұсыныс түсті. Ұсыныс қолдау тапты. Шараға 3 мыңнан астам адам қатысып отыр.
Жалпы, Петропавлда өткен тазалық акциясына 100-ден астам ұстаз қатысты.
Мәдина Қаби