Петропавлда әділет департаменті және Солтүстік Қазақстан облысының нотариаттық палатасының қызметкерлері тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетті. Әртүрлі жастағы адамдар әртүрлі мәселемен келген. Олардың арасында қала қонақтары да болды. Райхан Нұрсейітова – Прибрежное ауылының тұрғыны. Қызылжарлық азаматшаны 2 түйткіл толғандырады. Біріншісі – үйді сату, ал екіншісі – әкесінің атындағы жерді өз атына аудару. Алғашқысы бойынша құжат жинап, әділет департаментіне бару қажет.
РАЙХАН НҰРСЕЙІТОВА, Прибрежное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
— Әке-шешем Шал ақын ауданында тұрды, ағам қайтыс болған соң өз қолыма алдым. Ауылда пайлары болған. Жақында ата-анам да көз жұмды. Енді тиісті жерді өз атыма аудару керек.
Сұрақ қойылды, тиісті жауап алынды. Енді нәзікжанды білікті мамандардың айтуы бойынша әрекет ету қажет.
РАЙХАН НҰРСЕЙІТОВА, Прибрежное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
— Шаруашылық иесіне барып, қандай құжаттар керек екенін білуім керек. Алайда, іс сот арқылы шешіледі екен. Себебі, әкемнің қайтыс болғанынан 6 ай өтіп кеткен.
Осы орайда мамандар мұрагерлікке қатысты істерді сотқа жеткізбеу үшін дер кезінде әрекет ету қажеттігін баса айтты. Бұл айтылған жерге ғана қатысты емес. Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті де 6 ай өтпей қайта рәсімдеген абзал.
ҚАЙРАТ ПИЛАЛОВ, СҚО әділет департаменті басшысының орынбасары:
— Тұрғындардың көбі жылжымайтын мүлікті тіркеу бойынша және АХАТ бөліміне қатысты сұрақтармен келген. “Мұрагерлікті қалай қабылдау керек?” деген сынды түрлі сауалдар қойылады. Осы сынды сұрақтарды бетпе-бет талқылап, өз көмегімізді көрсетіп жатырмыз.
Мамандар теріскейліктерге 11:00-ден түскі 13:00-ге дейін көмек көрсетті. Бүгінгі “Тегін кеңес беру” акциясы алдағы Конституция күніне орай ұйымдастырылды.
Ақтолқын Солтанханқызы