Жыл басынан бері облыста малдың қараусыз жайылуынан 7 жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 9 адам жарақат алыпты. Мұндай жағымсыз жайттарды болдырмау мақсатында жергілікті әкімдік өкілдері мен облыстық ПД жаңа акция ойлап тапты. Бастама “Қауіпсіз жайылым” деп аталады.
Республикалық маңызы бар «Астана-Петропавл» автожолының Рублёвка мен Аралағаш ауылдарының арасы – ең қауіпті учаскелердің бірі.
2 елдімекен жақын орналасқан, біршама адам тұрады, шаруа қожалықтары да бар. Тиісінше, мал басы көп. Жануарлар жолға шығып кетпес үшін аралыққа «Электрбақташы» атты инновациялық құрылғы орнатылды. Бұл қоршау төрт-түлікті қауіпсіз электр импульстерінің көмегімен ұстап тұрады.
ӘСЕТ РИЗАХАНОВ, Аққайың ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы:
— Бұл әкімшілік аумақта 3 жылға жуық жұмыс істеймін. Ауылдық округте тұяқтылар көп, 7 табын жылқы, сондай-ақ сиыр мен ұсақ мал бар. “Қауіпсіз жайылым” алдын алу акциясын жүзеге асыруға тұрғындар да көмектесуде. Жолдың бойына бірлесе жануарлардың макеттерін орнаттық. Одан қалды, бақташыларға түсіндірме жұмыстарын жүргіздік.
Жыл басынан бері учаскелік инспектор мал жаю ережесін бұзған 20-дан астам адамға әкімшілік хаттама толтырыпты. Жануарлар 3 мәрте егістікке түскен. Тәртіп сақшыларының басты міндеті – айыппұл салу емес, тұрғындарға талапты түсіндіріп, құқық бұзушылықтардың алдын алу.
ҚАЙРАТ БАБАҚОВ, Аралағаш ауылдық округінің әкімі, Аққайың ауданы:
— Қазір шаруашылықтар жаппай “Электрбақташы” құрылғысын орнатуда. Бүгін соның біреуінің куәсі болдық. Жаңашылдықтың арқасында 100 жылқы белгіленген аймақта ғана жайылып жүр.
Еске сала кетейік, малды қараусыз қалдырған бақташылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабының 2-ші бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады.
Нұрасыл Ахмет