Өткен жылдың 7 айы ішінде аққайыңдар өлкесінде 2428 қылмыс жасалған. Биыл оң динамика байқалады. Әрине, сандар арасындағы айырмашылық жер мен көктей емес. Өкінішке қарай, Петропавл әлі де аса криминогенді қалалардың қатарында қалып отыр. Қаңтар мен шілде аралығында облыс орталығында 1284 бұзушылық тіркелген.
НҰРАСЫЛ ЕСМАҒАНБЕТОВ, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің СҚО бойынша департаментінің бөлім прокуроры:
— Ағымдағы жылдың 7 айында Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қылмыстың 17,2% төмендеуі байқалады. Жамбыл және Тайынша аудандарында оң динамика бар. Ал Қызылжар, Ақжар, Тимирязев, Мамлют, М. Жұмабаев және Ғ. Мүсірепов атындағы аудандарда қылмыстың өсуі байқалады. 10 мың тұрғынға шаққандағы қылмыстарды есептеуді ескере отырып, барлық құқық бұзушылықтардың 60% астамын құрайтын облыс орталығы аса криминогенді болып қала береді.
Облыста ұрлық, алаяқтық және тонау фактілері азайған. Соңғысы 52,9% төмендепті. Осылар жалпы қылмыс көрсеткішінің төмендеуіне айтарлықтай үлес қосқан.
НҰРАСЫЛ ЕСМАҒАНБЕТОВ, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің СҚО бойынша департаментінің бөлім прокуроры:
— Қылмыстың жалпы төмендеуіне қарамастан, кісі өлтіру +71%, есірткіге байланысты қылмыстар +29% өсті. Яғни, бұл бағытта алдын алу шараларын күшейту қажет. Қылмыс құрылымында қоғамдық орындарда және көшеде жасалған қылмыстар ерекше рөл атқарады. Облыстағы өткір маселелердің бірі көшедегі құқық бұзушылықтардың өсуі болып қала береді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда +39% құрайды.
Көшедегі қылмыс көп жағдайда көшелерде, саябақтарда, ашық базарлар және тағы да басқа қоғамдық аумақтарда жасалған. Отбасылық-тұрмыстық сала жайлы да айтайық. Бұл бағытта да жағдай мәз емес.
НҰРАСЫЛ ЕСМАҒАНБЕТОВ, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің СҚО бойынша департаментінің бөлім прокуроры:
— Сонымен бірге, облыста отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың өсуі байқалады, соның жартысы облыс орталағына келеді. Аталған бұзушылықтардың өсуі ұрып-соғу криминализациясына байланысты. 7 айдың есепті деректеріне сәйкес, облыс аумағында ЖКО 308 жағдайы тіркелді, соның нәтижесінде 442 адам зардап шеккен, оның ішінде 23 адам қайтыс болды.
Жол-көлік оқиғалары бойынша талдау ұсынайық. Ең көп апат ауылдарда жасалған. Өңіріміздің елдімекендерінде 232 жайсыз жағдай орын алыпты. Соның салдарынан 301 адам жарақат алса, 5 адам қаза тапқан.
Ақтолқын Солтанханқызы