СҚО әкімдігіҚоғам

Өңір жетекшісі Қызылжар ауданының әкімін таныстырды

Күні кеше ғана Бейбіт Исманов халықтың шешімі бойынша Қызылжар ауданының әкімі атанды. Ал бүгін өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов аудан активіне жаңа басшыны таныстырды. Жиын басында Қызылжар ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сара Алдаева Бейбіт Қайыркешұлына қызметтік куәлікті табыстады. Бейбіт Исманов – өңірге танымал азамат. Оның қызмет жолына Ғауез Торсанұлы қысқаша тоқталды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Бейбіт Қайыркешұлы – 53 жаста. Жоғары білімі бар. 20 жылдан астам мемлекеттік қызметте жұмыс істеген.

Қызылжар – облыстағы ең беделді аудандардың бірі. Биыл 203 мың гектар аумаққа егін егілді. 14,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Аудан жолдарының жалпы ұзындығы 631 км құрайды. Оның 88 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Аудандағы 68 ауылдың 62-сі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Шешуді қажет ететін мәселелер бар. Ғауез Нұрмұхамбетов жаңа басшыға шешілмейтін түйткіл жоқ екенін айтты, халықтың тұрмысын жақсартуға арналған бірқатар тапсырма берді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Балалар білім алатын мектептердің сапасын жақсарту басты назарда болуы тиіс. Мысал ретінде Шаховское ауылындағы мектеп пен Белое ауылындағы мектепті айтуға болады. Бірінің төбесінен су ақса, екіншісі апатты деп танылды. Аталған мәселелерді оқуға кедергі келтірмей шешу қажет.

Ауданда 13 мыңнан астам жас бар. Ұл-қыздарды бұқаралық спортқа тарту деңгейі 42 пайызды құрайды. Облыс әкімі Бейбіт Қайыркешұлына көрсеткішті арттыруды тапсырды. Ауданның денсаулық сақтау саласында кадр тапшы. Басты міндеттерді қағазға түртіп алған атқамінер іске білек сыбана кірісуге уәде берді.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

— Маған сенім білдіргендеріңіз үшін алғысым шексіз. Бұл мен үшін үлкен мәртебе, үлкен жауапкершілік. Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін барымды саламын.

Естеріңізге сала кетейік, Бейбіт Исманов бұған дейін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасын басқарды.

 

Нұрасыл Ахмет