СҚО әкімдігіҚоғам

Құрылысшыларға жоғары дәрежелі марапаттар табысталды

Құрылысшылардың тынымсыз еңбегі мен кәсіби шеберлігі – тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен жол-көлік инфрақұрылымының сапалы бой көтеруінің басты кепілі. Айта кетейік, өңірде түзету мектебі, жатақхана, дене шынықтыру кешені, балабақшалар, үстел теннисі орталығы сияқты бірқатар әлеуметтік нысан ашылды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 38 фельдшерлік-акушерлік пункт пен амбулатория салынды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің нәтижесінде аз ғана уақыт ішінде “Бірлік” шағын ауданы бой көтеріп, 700 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Сондай-ақ, 600 орындық заманауи мектеп пен 90 орындық балабақша салынып пайдалануға берілді.

Салтанатты жиында марапатталғандардың бірі – Серік Әубәкірұлы Сабралин. Ол “ЕСІЛ-СТРОЙ-ЭКСПЕРТИЗА” ЖШС Петропавл қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары қызметін атқарады. Құрылыс саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар азамат ҚР Премьер – Министрінің Алғыс хатына ие болды.

СЕРІК САБРАЛИН, “Есіл-строй экспертиза” ЖШС Петропавл қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары:

— Қазіргі кезде зейнеткермін. Бірақ, 21 жылымды құрылыс саласына арнадым. Оның ішінде 11 жыл қалада құрылыс бөлімін басқардым. Қазір фирмада жұмыс істеймін. Бүгінгі күні құрылыс саласының қызметкерлерін құттықтағанына ризамын.

Жыл соңына дейін өңірде мұз айдыны аренасы мен «Жас Өркен» шағын ауданында 280 орындық балабақша ашылады. Тұрғын үй құрылысы да қарқын алып, жыл сайын 300 мың шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілуде. Бұл – өңір дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға жасалған маңызды қадам.