Қазақстанда қоғамдық орындарда бет-әлпетті жабатын киіммен жүруге тыйым салынған. Заңнамалық өзгерістер өткен айда күшіне енді. Ал Солтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары аталған жаңашылдыққа қатысты ақпарат ұсынуды жалғастыруда. Бұл жолы мамандар журналистермен Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында жүздесті.
ГАУХАР РАМАЗАНОВА, СҚО ПД ЖПҚБ инспекторы:
— Бет-әлпетті камералармен немесе көзбен көріп тануға кедергі келтіретін дәрежеде жабатын киімді кию құқық бұзушылық болып табылады. Тыйым ауа райына немесе медициналық көрсетілімдерге байланысты киім киген жағдайларға қолданылмайды. Сондай-ақ, ҚР заңдарында көзделген талаптарды орындау, қызметтік міндеттерді атқару, азаматтық қорғау, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және жаппай-мәдени іс-шараларға тікелей қатысатын адамдар үшін қажет болған жағдайда мұндай киімдерді киюге рұқсат етіледі.
Брифинг барысында спикер рұқсат етілмеген және рұқсат етілген киім түрлері де тоқталды.
ГАУХАР РАМАЗАНОВА, СҚО ПД ЖПҚБ инспекторы:
— Тыйым балаклава, маска, никабқа қолданылады. Бет-жүзді жаппайтын діни киім элементтері – хиджаб, шейла, химар, әл-амира және басқалары. Бұлар бұл нормаға жатпайды. Тыйымды орындамау үшін көзделген жауапкершілік шаралары негізінен профилактикалық сипатта болады. Негізгі назар жазалауға емес, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтарды құқықтық хабардар етуге аударылады.
Өзгерістердің ел аумағында жүрген шетел азаматтарына да қатысы бар. Яғни, олар да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жеке тұлғаны сәйкестендіруге бағытталған қолданыстағы заңнаманы сақтауға міндетті.
Нұрасыл Ахмет, Байболат Құлтанов