Қоғам

Қазақстанда айыппұлды қоғамдық жұмыс алмастырады

Қазақстанда әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін айыппұл салынбайды, оның орнына тиісті ережені елемеген тұлға қоғамдық жұмысқа тартылады. Мұндай жаңашылдық алдағы қыркүйектің алғашқы жұлдызында күшіне енбек. Бұл өзгеріс жалпыға ортақ емес. Белгілі бір санаттағы тұрғындар ғана жаза арқалайды. Мысалы, азамат бірнеше рет заң бұзса және қоғамдық тәртіпке елеулі зиян келтірсе, көше сыпыруы немесе қоқыс жинауы мүмкін.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қоғамдық жұмыс мына жағдайларда тағайындалуы мүмкін:

  • Жол қозғалысы ережесін бір жыл ішінде бірнеше рет бұзу;
  • Арнайы қызмет көліктеріне жол бермеу фактісін қайта қайталау;
  • Жаяу жүргіншілердің жол ережесін өрескел бұзып, зардап келтіруі;
  • Қоғамдық орындарда қайта-қайта ішімдік ішу, мас күйінде жүру;
  • Ұсақ бұзақылық және қоғамдық тыныштықты бұзу.

Жаза көлеміне жеке тоқталайық. Құқық бұзушылықтың түріне қарай қоғамдық жұмыс көлемі 12 сағаттан 100 сағатқа дейін белгіленеді. Мысалы, жедел жәрдем немесе өрт сөндіру сынды қызметтік көлікке жол бермеген жүргізушіге 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы тиіс. Бұл – шамамен 157 мың теңге. Ал қыркүйектен бастап тұлға 20 сағат қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін.

 

Байболат Құлтанов