Құқық қорғау органдары

СҚО-да ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды

Мағжан Жұмабаев ауданының орталығында облыстық прокуратураның үйлестіруімен 19 бен 24 жас аралығындағы 5 жігіт ұсталды. Полицейлер құрықтаған топ тұрғындарға ауыз толтырып айтарлықтай залал келтірген.

Ұсталғандардың бірі – Аққайың ауданының 21 жастағы тұрғыны. Ол халықаралық интернет-алаяқтық желісінің құрамына кіретін ұйымдасқан қылмыстық топты құрды деген күдікке ілінді. Полиция мәліметінше, күдікті 4 адамды басқарған. Тұрғындарды алдап, заңсыз табыс тауып жүрген сыбайластар «дропперлер» желісі арқылы жәбірленушілерден түскен қаржыны «қолма-қол ақшаға айналдырушыларға» аударумен айналысқан.

ӘЛНҰР АХМЕДИЯРОВ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

— Қазіргі уақытта күдіктілердің еліміздің әр аймағында, соның ішінде СҚО-да жасалған 8 интернет-алаяқтық фактісіне қатысы бар екені анықталды. Бұл қылмыстардан келген жалпы шығын 38,5 миллион теңгені құрайды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың Қазақстан аумағында жасалған өзге де интернет-алаяқтық эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. 

Интернет-алаяқтықпен күрес – «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын іске асырудың маңызды бағыты. Аталған бағыттағы жұмыс өңірімізде жүйелі түрде жалғасуда және облыстық полиция басшылығының ерекше бақылауында болады.

 

Байболат Құлтанов