Қоғам

Петропавлда контрафактілік тауар жойылды

АҚТОЛҚЫН СОЛТАНХАНҚЫЗЫ, тілші:

Санаулы минуттардан соң көз алдымызда контрафактілік тауарлар жойылатын болады. Жалған өнім дегенде, ойымызға тиісті құжаттары жоқ қорап-қорап темекі немесе жәшік-жәшік ішімдік келетіні жасырын емес. Алайда, бүгін өзге дүние жойылады. Соттың қаулысы бар. Қазір мамандар іске кіріседі.

Контрафактілік тауар – 83 қорап, ал құны – 350 мың теңге. Бұл – қазіргі балақайлардың сүйікті ойыншықтарының біріне айналған кейіпкерлер мен құрастырғыштар. Бұлар дүкенде сатылмауы тиіс. Өнімді петропавлдық кәсіпкер LEGO белгілерін жамыла өткізуді көздеген. Яғни, танымал бренд ретінде саудалап, табыс таппақ болған.

МАРИЯ ТОМАС, СҚО әділет департаменті зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы:

Біз LEGO тауар белгісі иесінің арызы бойынша тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде құқық бұзушылық анықталды. 16-шы маусым күні сот үкім шығарды. Соттың шешіміне сәйкес, тауар белгісін пайдаланған кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, барлық өнім жойылатын болды. Бүгін сот орындаушыларымен бірге тиісті жұмысты жүргізіп жатырмыз.

Осы орайда тауар иелерінің құлағына алтын сырға! Егер сіздер осы сынды бұзушылықтарды анықтап жатсаңыздар, бірден құзіретті органдарға жүгіне аласыздар.

САМАТ ТОҚУЖИН, СҚО әділет департаменті зияткерлік меншік құқығы бөлімінің бас маманы:

Тауар иелері осындай құқық бұзушылықты байқап жатса, бірден әділет департаментіне жүгіне алады. Кейін біз тиісті тексеріс жұмыстарын жүргіземіз. Аталған факт расталып жатса, іс сотқа жіберіледі.

Жыл басынан бері департаментке өзге тауар белгісін пайдалану жайты бойынша 4 арыз түскен. Мамандар тиісті тексеріс жұмыстарын жүргізіп, бұзушылықтарды анықтапты. Заңсыз айналымнан 125 өнім алыныпты. Оның жалпы құны 1 жарым млн теңгеге жуықтайды.

 

Ақтолқын Солтанханқызы