Петропавлда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында бірінші қаралған мәселе – мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының 2026-2028 жылдарға арналған бюджеттік шығынын бекіту. Мінберге басқарма басшысының орынбасары Мафруза Науанова шығып, сандардан құралған баяндамасын оқып берді.
МАФРУЗА НАУАНОВА, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары:
— 2026 жылы басқармаға 5 млрд 210 млн теңге бөлінеді. 2027 жылы – 5 млрд 237 млн, ал 2028 жылы 5 млрд 265 млн теңге бағытталады. Қомақты қаржының арқасында саланы дамытуға арналған жобаларды жүзеге асырып, қызметкерлердің жалақысын төлейміз. Алдағы 3 жыл ішінде облысымыздың мәдениет саласын өркендету мақсатында 8 бағдарламаны іске қосамыз.
Саланың негізгі бағыттарына тоқтала кетсек. Облыста театр, музыка және хореография өнері дами түседі. Бұл мақсатқа алдағы 3 жылға 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді, кітапханаларға бағытталатын қаражат 411 млн-ға жуықтайды. Ал тарихи-мәдени мұраны сақтау бағдарламасы аясында 708 млн теңге жұмсалады. Ауылдар да ұмыт қалмапты. Елдімекендердегі мәдени-демалыс жұмыстарын қолдауға 2 млрд теңге көлемінде ақша бағытталады. Айтылған сандар еріксіз бас шайқатады. Баяндама аяқталғасын қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан сұрақтар қойылды. Александр Казанцевті қаржыны игеру мәселесі алаңдатады.
АЛЕКСАНДР КАЗАНЦЕВ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
— Сіз айтып отырған бағдарламаларға миллиардтап ақша бөлінгелі отыр екен. Қаржының тиісті жерге жеткенін, игерілгенін бақылайсыздар ма?
Мафруза Тасболатовқызы басқарма ішінде жыл сайын бірнеше мониторинг жүргізілетінін жеткізді. Яғни, бюджеттің әр тиыны бақылауда болады екен. Облыстық қоғамдық кеңес барысында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына және цифрлық технологиялар басқармасына алдағы 3 жылға бөлінетін бюджет те қаралды.
Нұрасыл Ахмет