7 тамыз күні елімізде грант иегерлерінің тізімі шықты. Бұл күнді үлкен де, кіші де асыға күткені айдан анық. Облыстағы жалғыз жоғары оқу орны – Қозыбаев университеті. Биыл да қара шаңыраққа өтініш берген мыңнан астам жастың айы оңынан туды. Білім ордасы беделге ие. Ағымдағы жылы оның табалдырығын бірнеше мың студент аттауды қалаған. Осы орайда кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізген топтардың еңбегі зор. Олар жыл бойы еліміздің түкпір-түкпірін аралап, түлектермен кездескен.
АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі:
— Биыл университетке түсемін деуші түлектердің саны 5 мыңнан асты. Оның 1021-і ғана грант иегері атанды.
Болашағына сеніммен қараған ұл-қыздардың көбі техникалық мамандықтарды таңдаған. Бұл еліміздегі жұмысшы мамандар тапшылығын жоюға зор септігін тигізеді. Өзге жақтан келетін талапкерді жатақхана мәселесі алаңдатыны сөзсіз. Ал Қозыбаев университетін таңдаған жас алаңдамаса болады. Бір емес, бірнеше студенттер үйі бар, орын жеткілікті.
АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі:
— Биыл студенттеріміз 1200 орынға шақталған су жаңа жатақханада тұра алады. Студенттер үйі коворкинг аймағымен, спорт залы және асханамен қамтылған.
Жергілікті білім ордасы әрдайым жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Барлығы білетіндей, атақты академик Қозыбаев атындағы оқу орны 2022 жылдан бері Аризона университетімен тығыз байланыста. Биыл қосдипломдық бағдарлама бойынша оқитын студенттер алғаш рет Америкаға барып, оқуды жалғастырады. «Серпін» мемлекеттік бағдарламасын да ұмыт қалдырмайық. Ағымдағы жылы аталған жоба аясында 76 талапкер Петропавлға келеді. Бұл былтырғыдан әлдеқайда көп. Көрсеткіштің артуына «SERPIN WAY» пилоттық жобасы әсер етті.
АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі:
— Қозыбаев университеті 10-нан астам мемлекетпен тығыз байланыста. Осының арқасында студенттеріміз өндірістік тәжірибелерін шетелде өте алады. Яғни, бізге түскен ұл-қыздар өзге елдерді көріп, білікті мамандардан тәлім алады. Айта кететін тағы бір қуанышты жайт, биыл білім ордасына алғаш рет АҚШ азаматы оқуға түсті.
Қазір М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да құжат қабылдау жұмысы қызу жүріп жатыр. Білім ордасына грантқа түсіп, төбесі көкке бір елі жетпей жүрген талапкердің бірі – Диана Мағзұм. Ол “Мал шаруашылығы” мамандығын меңгереді.
ДИАНА МАҒЗҰМ, талапкер, Шал ақын ауданы:
— Шал ақын ауданына қарасты Кеңес ауылынан келдім. ҰБТ-да 59 балл алдым. Шынымды айтсам, грантқа түсем деп ойлаған жоқпын.
Сонымен қатар, биыл жергілікті білім ордасына Отан алдында борышын өтеген 28 жігіт грантқа түсіпті.
Нұрасыл Ахмет