МТРА жаңалықтарыТЖ

Қосулы қалған электр плита – өртке себепші

Жыл басынан бері Петропавл қаласының аумағында 66 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 3 адам қаза тапты. Ал былтыр осы уақытқа дейін 69 жағдай орын алған, 6 адам ажал құшқан. Тілсіз жаудың негізгі себептерінің бірі – электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау. Тағы темекіні дұрыс сөндірмейтіндер бар. Шала сөнген тұқыл тұтанып, қызыл жалынға ұласуы мүмкін екенін ұмытпау қажет.

ЕРЖАН ШӘРІПОВ, Петропавл қаласы ТЖБ бастығы:

— Тамыздың 3-і күні Жамбыл көшесі бойындағы 123-ші үйде өрт оқиғасы орын алды. От 5-ші қабаттағы пәтерлердің бірінде бас көтеріп, 20 шаршы метрге тараған. Мамандар жылдам әрекет етті. Автокөтергіштің және арнайы баспалдақтың көмегімен 97 адам құтқарылды. Оның ішінде 6 бала болды. Өрттің себебі – сөндірілмеген темекі.

Төтенше жағдайлар қызметкерлерін сөндірілмеген темекі тұқылы тамыздың 7-сі күні де әлекке салды. Бейсенбіде Нұрсұлтан Назарбаев көшесі бойындағы 123-ші үйдегі балконның бірі отқа оранды. Жалын жеке заттардың күлін көкке ұшырды. Ешкім зардап шеккен жоқ. Мамандар тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып, тілсіз жауды сөндірді.

ЕРЖАН ШӘРІПОВ, Петропавл қаласы ТЖБ бастығы:

— Келесі жағдайға келетін болсақ, 10-шы тамыз күні кешкілік Гашек көшесі, 40 “Б” мекенжайында от бас көтерді. Жалын автоклавты газ блогы мен құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цехты толығымен жалмай жаздады. Қуанышқа орай, мамандар тез арада көмекке жетіп, тілсіз жауды ауыздықтады. Өрттің алдын ала себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы.

Қоса кетейік, қосулы электр плитаны қараусыз қалдырмау қажет. Кейбір жандар пісіріп жатқан тамағын ұмытып кетеді. Бұл өрт оқиғасына алып келетінін білген жөн. Жыл басынан бері Петропавлда осындай салғырттықтың салдарынан 34 жайт орын алған.

 

Мәдина Қаби